Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Әлемдегі ең қарт ер адам 112 жасында дүниеден озды

Ұлыбританияда «Титаник» суға кеткен жылы туған, екі дүниежүзілік соғыс пен испан тұмауы және коронавирустан аман қалған Джон Альфред Тиннисвуд 112 жасында қайтыс болды, деп хабарлады сейсенбіде Гиннестің рекордтар кітабы. Бұл туралы ВВС жазды.

Әлемдегі ең қарт ер адам 112 жасында дүниеден озды
Фото: BBC

Гиннестің рекордтар кітабы оны бірнеше ай әлемдегі ең қарт ер адам деп таныған болатын. Тиннисвудқа бұл рекорд осы жылдың сәуір айында венесуэлалық Хуан Висенте Перес Мора 114 жасында қайтыс болған сәтте бұйырған. Британдық азамат 1912 жылы тамызда Ливерпульде дүниеге келген.

Ол өзінің әйелі Блодвенмен Ливерпульдегі би кешінде кездескен және олар 1942 жылы үйленген. Олардың қызы Сьюзан 1943 жылы дүниеге келген және ерлі-зайыптылар Блодвен 1986 жылы қайтыс болғанға дейін 44 жыл бірге өмір сүрді.

Тиннисвудтың артында қызынан басқа төрт немересі мен үш шөбересі қалды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол Ұлыбританияның Корольдік пошта қызметінде, содан кейін Shell және BP компанияларында есепші болып жұмыс істеді.

Тиннисвуд 1972 жылы зейнетке шықты. Тиннисвуд бұрын «өте белсенді» және «көп серуендегенін» мәлімдеген, бірақ ол неге мұндай ұзақ өмір сүргенін білмейтінін айтты.

Қазір жер бетіндегі ең қарт адам және ең қарт әйел атағы 116 жаста болған жапондық Томико Итоокаға тиесілі. Ұзақ өмір сүру рекордын орнатқан ер адам – 116 жыл 54 күн өмір сүрген жапондық Дзироэмон Кимура. Ол 2013 жылы қайтыс болды.