"Канело" түркиялық қарсыласын есеңгіретіп, 4-раундта жеңіске жетті (ВИДЕО)

Осылайша ол өз карьерасында 55-жеңісіне қол жеткізді.

Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес түркиялық қарсыласы Авни Йылдырымды жеңді, деп хабарлады paryz.kz, Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл кездесу Майами (АҚШ, Флорида штаты) қаласында өтті. Кездесуде "Канело" өзіне тиесілі екінші орта салмақтағы WBA (Super) және WBC белбеулерін қорғады.

Жекпе-жек бастала салысымен мексикалық боксшы басымдықты өз қолына алды. Үшінші раундта ол қарсыласын бір рет нокдаунға түсірді. Бұл кезде Авни есін жиып, кездесуді ары қарай жалғастыра алды.

Төртінші раундта да Сауль қарсыласына бірнеше керемет соққы жасады. Осы кезде түркиялық боксшының командасы айқасты тоқтатты.

Осылайша "Канело" өз карьерасында 55-жеңісіне қол жеткізді. Мексикалық боксшы 37 рет қарсыласын нокаутпен жеңіп отыр. Ал Йылдырым болса, үшінші рет жеңілді.

Айта кетейік, енді Альварес келесі кездесуін мамыр айында өткізуі мүмкін. Оның қарсыласы британдық боксшы Билли Джо Сондерс болады деген ақпарат бар.