Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Қытай кедейліктен толық құтылды" - ҚХР төрағасы

Шығыстанушы Юрий Тавровскийдің мәліметінше, 1978 жылы Қытай тұрғындарының 95 пайызы кедейшілікте өмір сүрген. 2012 жылы олардың саны 99 миллион болған...

"Қытай кедейліктен толық құтылды" - ҚХР төрағасы
фото: Reuters

Си Цзиньпин Қытайдың кедейлікті "толық еңсергенін" айтты, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.  

Қытай басшысы Кедейлікпен күрес жөніндегі ұлттық конференция кезінде "Кедейлікті жою деген күрделі міндет орындалды, кедейшілік мәселесі толық шешілді, аймақ деңгейінде кедейліктен арылдық" деп мәлімдеген.

Синьхуа агенттігінің жазуынша, "партия мен халықтың бірігіп, күш салуының арқасында" 98,9 млн ауыл тұрғыны мен 128 мың ауыл кедейліктен құтылған. 2012 жылдың соңынан бері 9,6 млн адам жағдайы нашар аудандардан басқа жаққа көшірілген.

"Кедейліктен құтылдық, тағы бір тарихи ғажайыпқа қол жеткіздік! Бұл - қытай халқы, Қытай коммунистік партиясы мен қытай ұлтының ұлы даңқы", - деді Цзиньпин. 

Ол өз сөзінде елдің мұндай жетістікке Қытай компартиясының құрылғанына 100 жыл толайын деген шақта (23 шілде) қол жеткізіліп отырғанын атап өткен. Бұған қоса, ҚХР төрағасы ел кедейлікті жаппай азайтудың "қытайлық моделін" қалыптастырып, "әлемдегі кедейлікпен күрес саласына елеулі үлес қосты" деді.

Былтыр 3 желтоқсанда Си Цзиньпин Қытайдың кедейлікті еңсергенін хабарлап, оны "кедейлікті жоюға бағытталған адамзат тарихындағы ең үлкен әрі белсенді кампания" деп атаған. Жақын арада елдің кедейлікті толық жеңетінін айтқан.

Былтыр маусым айында "Жэньминь жибао" басылымы "1,4 млрд тұрғыны бар мемлекетте орташа ауқатты қоғам пайда болады. Бұл дегеніңіз Қытай 2030 жылға дейін БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатының бірінші пунктін 10 жылға ерте жүзеге асыра алатынын көрсетеді" деп жазды. 

Ресей мен Қытай арасында құрылған достық, бейбітшілік және даму комитеті сарапшылар кеңесінің төрағасы, шығыстанушы Юрий Тавровскийдің мәліметінше, 1978 жылы Қытай тұрғындарының 95 пайызы кедейшілікте өмір сүрген. 2012 жылы олардың саны 99 миллион болған.