Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Путин Қырымдағы Брежнев сарайын да иемденіп алды

Ялта түбіндегі "Глициния" сарайы 2019 жылы 1,2 млрд рубльге (7 млрд теңге) сатылған. Дәл Ресейдің Қырымды басып алып, референдум өткізгенінен кейін болған оқиға...

Путин Қырымдағы Брежнев сарайын да иемденіп алды
фото: дереккөз

Кеңес көсемі Леонид Брежневтің Қырымдағы аты аңызға айналған ұлттық резиденциясы қазір Путиннің иелігінде. Нақтырақ айтсақ, Путиннің достары сатып алып, соған сыйлаған. Мұны "Проект" басылымы зерттеу жасап анықтады, деп хабарлады bugin.kz.

Басылымның дерегінше, бұрында Брежнев тұрған Ялта түбіндегі "Глициния" сарайы 2019 жылы 1,2 млрд рубльге (7 млрд теңге) сатылған. Дәл Ресейдің Қырымды басып алып, референдум өткізгенінен кейін болған оқиға. Бұған дейін бұл сарай Украинаның Қауіпсіздік қызметінің басшысы Геннадий Москальдың қолында болған екен.

Көрікті сарайға Путиннің көзі 2004 жылы түскен. Сол жылы Қырымға жұмыс сапарымен барған Путин украин билігіне сарайды бер деп қолқа салған. Ресейдің ВТБ мемлекеттік банкі оны 15 млн долларға сатып алуға дайын екенін де жеткізген. Сол кездің өзінде ғимараттың "Ресей президентінің ресми резиденциясы" ретінде сатып алынатыны анық айтылған.

Алайда сол жылы көктемде Украина президенті болып сайланған Виктор Ющенко Путинге қыр көрсетіп, сарайды бермей қояды. Бұған Путин қатты ашуланып, тіс қайрап қалса керек. Мұны Москальдің өзі айтады.

"Содан кейін-ақ Путин Киевпен текетіресіп, "газ соғысын" бастады. Содан-ақ Путиннің өкпелеп қалғаны байқалды. "Сараң екі рет шығындалады" демекші, Украина Путиннен бас тартамын деп қаншама миллионынан айырылды", - деген Москаль 2009 жылы.

Сарайдың 2019 жылы сатылғаны жоғарыда айтылды. Оны сатып алған – Мәскеуде тіркелген "Ореанда-12" компаниясы. Сол кездегі басшысы – Янис Эрманис. Бірақ саяжайды сатып алғанда ғана аты аталмаса, оған дейін де, кейін де бұл компанияда қызметтік лауазымда болмаған. Аты бар, заты жоқ адам. "Проект" тілшілері Эрманисті тауып алғанымен, сөйлесуден бас тартқан. Бірақ резиденцияның сатып алынғанын мойындады. Туыстарының сөзіне қарағанда, Эрманис қазір қатардағы азамат қана, қаражаты жоқ, жұмысы қарапайым.

Ал Брежнев саяжайының қазір Путиннің қолында екенін жергілікті риелтор, өлкетанушылар мен жергілікті телеарнаның операторы айтқан. Сарайдың маңайы биік қоршаумен қоршалған. Жан-жағы қарауыл, күзет.

Ялта қаласының тұрғындары да "Глицинияның" Путиндікі екенін жақсы біледі. Бірақ алдағы уақытта оның иесі кім боларын бір Құдай ғана біледі. Кеңес көсемі Брежневтің өзі жекеменшікке айналдырудан бас тартқан ұлттық мәдени ғимаратты Путин шімірікпестен өзі иемденіп алды.

Тағы оқи отырыңыз: Навальный тобы "Путин сарайын" америкалық дронмен түсірген

Айта кеткен жөн, жақында оппозиционер Алексей Навальный Геленджик қаласы маңындағы 100 млрд рубль тұратын алып сарайды Путин салып жатқанын әшкерелеген еді.