Франция президенті Эмманюэль Макрон Елисей сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт сыйлаған қазақы тазылармен серуендеп жүр. Бұл туралы Франция Президентінің жеке фотографы Soazig de la Moissonnière әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Былтыр қараша айында Мемлекет басшысының шақыруымен Астанаға сапармен келген Франция президенті «Этноауыл» көрмесін аралап көріп, қазақ халқының бай мәдени мұрасымен танысқан еді. Көрме орталығын тамашалау барысында Эмманюэль Макронға қазақы тазының тұқымы ерекше ұнаған болатын. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев франциялық әріптесіне тазы сыйлауға уәде берді.
Кейін Парижге қазақы тазының бес айлық екі күшігі жеткізілді. Қос тазыны француз ветеринарлары тексеріп, уақытша карантиннен кейін иесіне – Франция президентіне берілген.
Тазы күшіктеріне Жюль және Жанна деген жарасымды есім берілгені мәлім болды. Фотодан Франция президентінің Жюль және Жанна есімді тазы күшіктерімен және Немо есімді қара лабрадорымен серуенден жүргенін көруге болады.
Еске салайық, Франция президентінің сапарында «Этноауыл» ұлттық көрмесінде Эмманюэль Макронға балуандарымыз қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін, жас жеткіншектер асық ойынын, ал саятшылар мен құсбегілер тазы иттері мен қыран құстарын көрсетіп, халқымыздың аңшылық дәстүрі туралы әңгімелеп берді.