Соңғы 24 сағатта Израиль әскерилерінің әрекеті салдарынан 86 палестиналық қаза тауып, тағы 131 адам жарақат алды. 2023 жылдың 7 қазанында басталған ХАМАС пен Израиль арасындағы қақтығыс күшейгеннен бері Газа секторында қаза тапқан палестиналықтардың жалпы саны 29 692-ге, анклавтағы жараланғандардың жалпы саны 69 879-ға жетті.
Бұл туралы жексенбі күні ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомствоның баспасөз хабарламасында Израильдің қарқынды атқылауы және азаматтық қорғаныс бөлімшелері мен жедел жәрдем бригадаларының жетіспеушілігі салдарынан кейбір зардап шеккендердің әлі де үйінді астында қалғаны атап өтілді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.
Өз кезегінде Израиль қорғаныс күштері (IDF) жексенбі күні Газа секторының оңтүстігіндегі шайқаста екі сарбаздың қаза тапқанын хабарлады.
Израиль армиясы сардар мен тағы екі сарбаздың Газаның оңтүстігіндегі шайқас кезінде ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілгенін айтты.
Айта кетейік, 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС жауынгерлері 1200-ге жуық адамның өмірін қиып, 240-тан астам адамды кепілге алған еді. Олардың Израильдің оңтүстігіне жасаған тосын шабуылына жауап ретінде Израиль армиясы Газа секторындағы ХАМАС-қа қарсы ауқымды шабуылдар жасап жатыр.