Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Бүгін Мьянмада билікті басып алған әскерилер уақытша президент тағайындамақ

БҰҰ Мьянмада болып жатқан жағдайды сынап, барлық ұсталған шенеуніктерді босатуға шақырды. Ал әскерилер оларды сайлау кезінде алаяқтық жасады деп айыптайды...

Бүгін Мьянмада билікті басып алған әскерилер уақытша президент тағайындамақ
фото: kommersant.ru

Бүгін Мьянмада бір түнде әскерилер төңкеріс жасап, билікті басып алды. Олар ел аумағында бір жылға төтенше жағдай жарияланды. Әскерилер ел Президентін және биліктегі Демократияшылдардың ұлттық лигасы партиясының бірнеше белді мүшесін қамауға алды. Елде ұялы байланыс пен интернет жұмысы шектелді. Ал АҚШ, Еуропа Одағы болса, Мьянма әскерилерінің әрекетін сынап, қамалғандарды босатуды талап етіп отыр, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Қазір Мьянмада интернеттен бөлек, телеарналардың да жұмысы шектелген. Тек әскерилер өздеріне тиесілі арнадан хабар таратады. Көшеде хаус. Банк және өзге де қаржы институттары жұмысын тоқтатқан. Қару ұстаған әскерилер мен азық-түлік сатып алуға асыққан халықты ғана көшеден көре аласыз.

Жалпы, бүгін парламенттік сайлауда жеңіске жеткен Демократияшылдардың ұлттық лигасы партиясы жұмысын бастауы тиіс еді. Қараша айында өткен сайлау қорытындысына сәйкес, бұл партия 83 пайыз дауыс жинаған. Бірақ әскерилер сол кезде нәтижемен келіспейтінін және тиісті шара қолданатынын хабарлаған. Осылайша бір түнде әскери төңкеріс жасап, билікті өз қолына алды. Ел лидері Аун Сан Су Чжи, президент қамалды.

"Сайлау аяқталғалы әскерилер сайлау процесі әділ өтпегенін, бұрмалау фактілері болғанын айтып келеді, бірақ ешқандай дәлелсіз. Осы аптада жаңа парламент жұмысын бастауы тиіс еді. Ал қазір көріп отырғанымыз мынау. Төңкеріс болып көрінгенімен, әскерилер заңды төтенше жағдай енгізілгенін айтады", - дейді саясаттанушы Мелисса Крауч.

БҰҰ Мьянмада болып жатқан жағдайды сынап, барлық ұсталған шенеуніктерді босатуға шақырды. Ал әскерилер оларды сайлау кезінде алаяқтық жасады деп айыптайды және жіберуге ниетті емес секілді.

"Не болып жатқанын нақты айту қиын. Көптеген адам қамауға алынғанын білеміз, бірақ саны, қайда екендері белгісіз. Мендегі ақпарат бойынша қамау сағат таңғы 4-те басталды. Сол елдегі адамдармен байланыс орнатуға тырыстым, бірақ байланыс нашар, елде интернет дұрыс жұмыс істемей тұр", - дейді БҰҰ-ның Мьянма бойынша арнайы баяндамашысы Том Эндрюс.

Халықаралық қоғамдастық бұл жағдайға қатысты шетте қалмады. Атап айтсақ, АҚШ, Қытай, Малайзия елдегі қайшылықтарды дереу шешіп, тұрақтылық орнатуға шақырды. Аустралия СІМ ұсталған жоғары лауазымды шенеуніктерді босатуды талап етті. Ал билікті қолға алған әскерилер уақытша президент тағайындап, бір жылдан кейін "әділ" сайлау өтеді деп мәлімдеді.