Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Таулы Қарабақ мәселесін көтерген Ердоған Путиннің "жағасына жармасты"

Рас, әлдеқандай жағдай бола қалса, Анкара одақтасын қорғау үшін күш қолданудан тайынбайтынын жасырмайды...

Таулы Қарабақ мәселесін көтерген Ердоған Путиннің "жағасына  жармасты"
Фото: Infografik WELTК

Қарабақ жанжалы жаңа кезеңге ауысты. Бұл енді әзербайжан мен армян арасындағы дүрдараздықтан гөрі, Түркия мен Ресей арасындағы қырғи-қабақ соғысты көбірек еске түсіреді, деп хабарлады paryz.kz, nege.kz-ке сілтеме жасап.

Ердоған "Навальный салған әлекпен" алысып жатқан Путиннің "жағасына жармасты". Бұған өткен сенбіде Әзербайжанның Ағдам ауданында ашылған жаңа мониторинг орталығы түрткі болды. Бұл орталық Қарабақта жанжалдасушы тараптар түйіскен сызықтан 8 шақырым жерде орналасқан.

Ресей сарапшыларының айтуынша, бұл 27 бақылау бекетіндегі орталық ресейлік бітімгершілік күштерінің қызметін толық қайталайды. Ресей мен армян жағы: "Мұның не қажеті бар еді?" деп сауал тастайды. Түркия мен Әзербайжан болса, "Бұл – сенім мәселесі. Сақтықта қорлық жоқ" деген сыңай танытып отыр.

Ресейдің әскери сарапшыларының айтуынша, Түркия ұшқышсыз ұшатын аппараттары арқылы армяндарды ғана емес, Қарабақтағы ресейлік әскерилерді де алақандағыдай бақылай алады.

Ресейдің үрейін ұшырып отырған жайт, аталған орталықтардағы түрік жауынгерлерінен бөлек, Түркия Әзірбайжанға өзге де әскери контингентін кіргізген. Рас, әлдеқандай жағдай бола қалса, Анкара одақтасын қорғау үшін күш қолданудан тайынбайтынын жасырмайды. Мәселен, Түркияның ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар әзербайжандық әріптесі Зәкір Гасановқа әзербайжан халқын қорғауға қашан да әзір екенін мәлімдеген.

"Бір ел – екі мемлекет" қағидасын ұстана отырып, біз әзербайжан халқының жағына шықтық. Әрмен қарай да қолдау көрсете береміз", - деді түрік сардары.

Өзінің ежелгі ықпал аймағы санайтын Қап тауын Түркиямен бөлісу Ресейге оңай соқпай тұр. Бірақ амал жоқ. Ресейдің қауқары бұрынғыдай емес. Мұны түрік ұсталарының қолынан шыққан қару – "Байрақтар" Қарабақ пен Сирияда анық байқатып берді. Сондықтан Ресейдің "бірегей, баламасыз" деп жарнамалап жатқан заманауи қару-жарақтарынан тайсалып отырған Ердоған жоқ.

"Сирия тәжірибесін ескерсек, түрік әскерилері жанжал аймақтарында ресейлік әріптестерінің мүддесін ескеруге құлықты емес" деп жазды ресейлік "НГ" басылымы.

Оның үстіне, күні кеше Түркия әскері жақын жерде Ресей әскерінің бақылаушы бекеттері орналасқанына қарамастан, Сирияның Айн Исса қаласына оқты қарша боратқан. Кремль Әзербайжанның Ресейдің орбитасынан шыққанына көндіккен де тәрізді. Ендігі мәселе – Арменияда.

"Ресей түріктен жасқанып, керек кезінде бізге болыспады", - деген армяндардың Мәскеуге өкпесі қара қазандай. Бұл елде Ресейге қарсы көңіл-күй күшейіп-ақ тұр. "Мұндай одақтас бізге неге керек?" деген сауал да қойыла бастады. Пашинянның тағы шайқалуға шақ. Халқы одан теріс айналған. Қазір "Ереван түбі аттың басын Батысқа бұрып кетпей ме?" - деген сауал ресейліктерді қатты мазалап тұр.