Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

ХАМАС басшысы уақытша бітім жасау туралы келісімнің жақындап қалғанын айтты

Газа секторында билік жүргізетін Палестиналық ХАМАС қозғалысы саяси бюросының басшысы Исмаил Хания уақытша бітімжасау туралы келісімнің жақындап қалғанын мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости. Қозғалыс Катар мен басқа да делдалдарға Израильмен жүргізілген келіссөздер туралы баяндады.

ХАМАС басшысы уақытша бітім жасау туралы келісімнің жақындап қалғанын айтты
AP Photo / Tsafrir Abayov

"Қозғалыс Катардағы бауырластар мен делдалдарға өз жауабын жеткізді, біз уақытша бітімжасау туралы келісімге жақындап қалдық", - деп жазылған қозғалыстың Telegram каналы жариялаған мәлімдемеде.

Өткен аптада Washington Post газеті АҚШ, Израиль және ХАМАС кепілге алынғандарды босату үшін Газа секторындағы қақтығысты бес күнге тоқтату туралы келісімге жақындағанын хабарлады.

7 қазанда Палестиналық ХАМАС қозғалысының әскери қанаты "Әл-Ақса тасқыны" операциясы аясында Израильге зымыранмен ауқымды шабуыл жасады. Осыдан кейін ұйым жауынгерлері Израильдің оңтүстігіндегі шекаралық аймақтарға кіріп, әскерилерге де, бейбіт тұрғындарға да оқ жаудырды, сонымен қатар 200-ден астам адамды кепілге алды. Биліктің соңғы мәліметі бойынша Израильде 1,2 мыңға жуық адам, соның ішінде бейбіт тұрғындар, әскерилер, шетелдік азаматтар мен жұмысшылар қаза тапты, сонымен қатар 5 мыңнан астам адам жараланған.

Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс күштері Газа секторында ХАМАС-қа қарсы "Темір қылыштар" операциясын бастады. Бірнеше күн ішінде израильдік әскерилер Газамен шекараға жақын орналасқан барлық елді мекенді бақылауға алып, нысандарға, соның ішінде сектор аумағындағы азаматтық нысандарға әуеден соққы бере бастады. Сондай-ақ Израиль Газа секторы толық қоршалғанын жариялады: су, азық-түлік, электрмен жабдықтау, дәрі-дәрмек және жанар-жағармай жеткізу тоқтатылды.

Израильдің Газа секторына жасаған соққыларынан қаза тапқандар саны 13 мыңнан асты, 30 мыңнан астам адам жарақат алды.

Тараптардың аумақтық мүдделеріне қатысты Палестина – Израиль қақтығысы ондаған жыл бойы аймақта шиеленіс көзі болды. 1947 жылы БҰҰ шешімі екі мемлекеттің – Израиль мен Палестинаның құрылуын анықтағанмен, тек Израиль мемлекеті ғана құрылды.