Үміткерлер өз жұмысын 2021 жылдың 1 тамызына дейін жіберуі керек.
Адам болмысы мен сана-сезімін зерттеумен айналысатын қордың негізін қалаған америкалық кәсіпкер Роберт Бигелоу өлімнен кейінгі өмірдің бар-жоғын анықтай алған жандарға 1 млн доллар ақшалай сыйақы беретінін мәлімдеді, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
"Бизнесмен жариялаған конкурсқа тек психология мен неврология саласында жұмыс істеп, ғылыми дәрежеге қол жеткізген адамдар ғана қатыса алады. Олар кем дегенде 25 мың белгіден тұратын мәтінде адам өлімінен кейін оның болмысының қандай күйге ұшырайтыны туралы дәлел-дәйектер келтіруі тиіс. Үміткерлер өз жұмысын 2021 жылдың 1 тамызына дейін жіберуі керек" деп жазған News.ru басылымы.
Дәрігерлер мен ғалымдардан тұратын қазылар алқасы келіп түскен жұмыстарға баға беріп, жеңімпаздың аты-жөнін 1 қараша күні жария етпек. Бірінші орын алған авторға 500 мың, екінші орын иеленген авторға 300 мың, үшінші орын иегеріне 150 мың доллар ақшалай сыйақы табыс етілмек. Бұл ақпарат адам санасын зерттеу жөніндегі Бигелоу қорының сайтында жарияланды.
Аталмыш қорды 2020 жылы құрған кәсіпкер оған дейін ғылым түсіндіре алмаған айрықша құбылыстарды зерттеу жұмыстарын қаржыландырып келген.