06.11.2023, 17:05

Газа секторында 76 қазақстандық қалды – СІМ

FP 2023 / MOHAMMED ABED

Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы бар. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап. 

"Біздің деректеріміз бойынша Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы бар, отбасы мүшелерімен қоса санағанда 161 адам. Египет тарапынан да, Израиль тарапынан да шетелдіктердің отбасы мүшелерімен шығуына белгілі бір талаптар қойылады. Осыған байланысты біздің азаматтарымыз Қазақстанға жақындарын тастап ұшып шығуға дайын емес", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.

Айтуынша, Қазақстан өз отандастарын елге жеткізуге толығымен дайын.

"Азаматтарымыз Мысыр шекарасын кесіп өткеннен кейін арнайы борт Каир қаласына ұшып шығады", - деді СІМ өкілі.

Смадияровтың айтуынша, 4 қарашадан бастап Рафак пункті арқылы шетелдіктер мен жаралыларды эвакуациялау уақытша тоқтатылған.

Рафак – Египет пен Газа секторы шекарасындағы бақылау-өткізу пункті.