Газада қаза тапқан балалардың саны дүние жүзінде өлтірілген балалар санынан асып түседі

Газа секторындағы үш аптадан бері созылып жатқан қақтығыс барысында қаза тапқан бала саны 2019 жылдан бергі дүниежүзіндегі қарулы қақтығыстар кезінде көз жұмған балалар санынан көп, деп хабарлайды Paryz.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

Газада қаза тапқан балалардың саны дүние жүзінде өлтірілген балалар санынан асып түседі
© AP Photo / Hassan Ammar

Save the Children халықаралық қайырымдылық ұйымының мәліметінше, Газа секторында соңғы 17 күнде және Иордан өзенінің Батыс жағалауында 27 күнде кемінде екі мың бала қайтыс болған. Save the Children ұйымының Палестинадағы директоры Джейсон Ли тез арада атысты тоқтатуға шақырды.

"Газа секторында бар болғаны үш аптаның ішінде қаза тапқан балалардың саны дүниежүзіндегі қарулы қақтығыстарда, яғни 2019 жылдан бері бір жыл ішінде 20-дан астам елде қаза тапқан балалардың санынан асып түсті", - делінген Ұйымның сайтында жарияланған мәлімдемеде.

 

Save the Children ұйымының бағалауы бойынша, Газа секторында қаза тапқан 7 703 адамның 40%-дан астамы балаларды құрайды. Ұйымдағылар сондай-ақ мерт болған балалар санының одан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені Газада тағы 1000 бала із-түзсіз жоғалып кеткен, олар үйінділер астында қалуы мүмкін.

"Бұл сандар жан түршіктіреді, бірақ Газа секторындағы зорлық-зомбылық күшейіп жатыр. Сондықтан көп балаға әлі де үлкен қауіп-қатер төніп тұр", - деді Save the Children ұйымының палестиналық директоры Джейсон Ли.

Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Газа секторындағы құрбандар саны 8 мыңнан асты, оның жартысы балалар, 18 мыңнан астамы жарақат алған.