Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қырғызстанда президенттікке үміткер болған шенеунік қамауға алынды

Қырғызстан президенттігіне кандидат болған Адахан Мадумаров сатқындық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Kaktus.Media хабарлады.

Қырғызстанда президенттікке үміткер болған шенеунік қамауға алынды
фото: kadam-media.kg

Парламент депутаты Адахан Мадумаровқа қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылған. Оған «мемлекетке опасыздық» бабы бойынша айып тағылды. Тергеу судьясы оны 24 қазанға дейін МҰҚК тергеу изоляторына жіберді.

Депутат 2 қыркүйекте ұлымен серуендеп жүрген кезде ұсталған.

Оның ісі 2009 жылы қол қойылған хаттамамен байланысты. 2009 жылғы 3 наурызда Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған Адахан Мадумаров Тәжікстанмен хаттамаға қол қойды. Тәжік тарапынан құжатқа Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әмірқұл Әзімов қол қойды. Хаттамада 9 тармақ бар, олардың бірі Торт-Кочо жер учаскесіне қатысты. Қырғызстан 49 жыл бойы Ош – Баткен – Исфан тасжолын жөндеу және жаңа көпір салу үшін Тәжікстаннан ұзындығы 275 метр, 5 га жерді жалға алды. Бірақ кейінірек бұл келісім шекарадағы проблемаларды тудырды, – делінген хабарламада.

Қырғыз тарапы бұл учаскені сипатталмаған аймақ деп, ал тәжік тарапы Қырғызстанға жалға берілген өз меншігі санайды. Енді осы келісімге келгені үшін Адахан Мадумаров «елге сатқындық жасаған» болып шықты.