Жарылыс энергиясы тротил эквивалентінде 1-5 килотонна аралығында болған деп болжанды.
Ресейдің Камчатка түбегінде көкте жарылған метеорит көпшіліктің назарына ілікті, деп хабарлады paryz.kz, РИА Новостиге сілтеме жасап.
Ғалымдар метеориттің Жер атмосферасында Камчатканың көгінде жарылуын тіркеген. Бұл туралы Ресей Ғылым Академиясының "Біріккен Геофизикалық қызметі" федералдық зерттеу орталығы Камчатка филиалының директоры Данила Чебров хабарлады. Ол мамандар куәгерлер түсіріп алған видео қолдарына тиген соң метеориттің атмосфераға енгенін көрсететін дабылды іздей бастағанын атап өтті. Бұл жайттың видеосы әлеуметтік желілерде белсенді түрде тарай бастаған. Видеода метеориттің құлауы және оның атмосферада жарылған сәті анық байқалады.
"Сарапшылар Начики ауылында орналасқан инфрадыбыстық станцияның мәліметтері бойынша Камчатканың батыс жағалауына жақын маңдағы метеориттің сигналын 11 қаңтарда Камчатка уақытымен сағат 8.09-да анықтады. Жарылу алдында атмосфераның тығыз қабаттарында оның қозғалысы 55 секундқа созылды", - дейді Чебров.
Тағы оқи отырыңыз: Жерге қауіпті астероид жақындап келеді
Оның сөзінше, сигналдың алдын ала бағалауы бойынша объектінің диаметрі 10 метрге сәл жетпеген, ал жарылыс энергиясы тротил эквивалентінде 1-5 килотонна аралығында болған деп болжанды.
Чебровтың сөзіне сенсек, куәгерлер дәл осы сәтті яғни метеориттің атмосфераға енуін видеоға түсіріп үлгерген.