Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"Борат" фильмі енді шықпайды..." - Саша Барон Коэн

Бұл фильмді шығаруға 18 миллион доллар жұмсап, оны дайындағандар 261,5 миллион доллар пайда тапты. Тіпті, "Алтын глобус" иегері атанды және "Оскарға" ұсынылды...

"Борат" фильмі енді шықпайды..." - Саша Барон Коэн
фото: ашық дереккөз

Британдық комик Саша Барон Коэн болашақта Бораттың образында қайта оралмайтынын айтты, деп хабарлады paryz.kz, Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

Биыл актер 50-ге толады. Оның айтуынша, Боратты АҚШ президенті Дональд Трампты сынау үшін қайтадан шығаруға тура келген. Ал түсірілім тобы фильмді сайлауға дейін шығаруға тырысты. Коронавирус қаупі болса да, түсіру жұмыстары жүргізілді. Актерлар Трамптың саясаты мен оған жақын адамдарды келемеж еткен.

"Мен Боратты Трампқа бола шығардым. Демократияға қауіп төніп тұрғанын сездім. Содан фильмді аяқтауға міндетті екенімді түсіндім. Бұл фильмнің мақсаты болды. Енді шынымен де мұны қайта жасаудың қажеттілігін көріп отырған жоқпын. Демек, оны шкафқа қамап қойдым", - дейді Коэн.

Оның сөзіне қарағанда, "Боратты" көргендер Трампқа дауыс бермейді деген мақсат болған. Сондықтан кинотеатрлар жабық болса да, түсіру тобы фильмді 3 қарашаға дейін шығаруға күш салды. Ал актердің өзі халықтың арасында Боратты сайлауға кедергі жасағысы келген адам ретінде еске алғанда бақытқа кенелетінін де айтты.

"Журналист" Борат Сагдеевтің Америкаға сапары туралы 2006 жылы шыққан фильм хитке айналды. Бұл фильмді шығаруға 18 миллион доллар жұмсап, оны дайындағандар 261,5 миллион доллар пайда тапты. Тіпті, "Алтын глобус" иегері атанды және "Оскарға" ұсынылды. Қазақстанда фильм наразылық тудырды. Оны түсірушілерге "елді қорлады" деген айып тағылды.

Ал "Борат-2" фильмінің сюжеті бойынша ойдан шығарылған кейіпкер, "қазақстандық журналист" Борат тағы да АҚШ-қа барады. Ол америкалықтардың әдеттегі өмір салтын гротеск тәсілімен мазақ ете келе, президенттік сайлау қарсаңындағы елдің саяси өмірін зерттейді. Жаңа трейлер шыққаннан кейін көптеген қазақстандық фильмді теріс бағалады. Осыдан кейін әлеуметтік желіде "Бораттың" жалғасының шығуына қарсы флешмоб ұйымдастырылды. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар қосылды. Олар #СancelBorat хэштегімен фильмге қарсы шығып жатыр.

"Намыс" патриоттық бірлестігі болса, Алматыдағы АҚШ-тың бас консулдығына "Борат-2" фильмінің шығуына қарсы петиция жіберген болатын. Консулдық Америка құрама штаттары үкіметінің бұл фильмді қаржыландыруға, өндіруге немесе шығаруға ешқашан қатыспағанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, бір топ белсенді Бораттың суреті бар табыт жасап, АҚШ-тың Бас консулдығына апарған. Ал Саша Барон Коэн "Борат" және "Борат-2" фильмінде неге Қазақстан атын пайдаланғанын да айтқан. Оның хатын The New York Times жариялады.

"Бұл – комедия. Фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қазақстанды АҚШ-та ешкім білмейтін болған соң таңдадым. Соның арқасында ерсі, комедиялық, жалған әлемді көрсете алдық. Нағыз Қазақстан – заманауи, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел", – деді Коэн редакцияға электронды пошта арқылы жолдаған хатында.

Ал Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Бораттың жиі айтатын "Very nice!" сөзін пайдаланып, бейнеролик жасап шығарды. Сол арқылы Қазақстанның көрікті жерлерін көрсетті. Осы уақытқа дейін роликті 1 миллионнан астам адам көрді.