Әзербайжанның Сумгаит қаласында дзюдо және самбо жаттықтырушысы, Еуроойындардың қола жүлдегері Мехман Халилов жеті жасар спортшыны өлгенше сабап тастаған. Дәрігерлер қолынан келгенше бәрін жасағанымен баланы құтқару мүмкін болмаған. Осы оқиғаға қатысты күтпеген дерек айтылды, - деп хабарлайды Paryz.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл оқиғаға қатысты елдегі Самбо федерациясының президенті Джейхун Мамедов пікір білдірді. Ол самбист Мехман Халилов жаттықтырушы болып жүргенін білмегенін айтады. Оның сөзінше, Халилов спорт шебері, сонымен қатар, Әзербайжан мемлекеттік дене шынықтыру және спорт академиясын бітірген.
"Мехман жаттықтырушы болып жүргенін білмедім. Ол жақында ғана жаттықтырушы бола бастаған секілді. Жалпы, оның педагог-жаттықтырушы дипломы бар", - дейді Мамедов.
Оның сөзінше, бұрынғы спортшылардың бәрі бірдей жаттықтырушы бола алмайды. Сонымен қатар, федерация басшысы видеодағы жаттығу қай спорт түрінен өткеніне жауап беруге қиналған.
"Себебі видеода балалар қандай спорт түрінен жаттығып жатқанын көру қиын болды: кимоно ма, самбоға арналған күртеше ме - дұрыс көрінбеді. Ал Халиловтың әрекетіне теріс баға беремін. Балаларға ересектер сияқты қарауға болмайды. Спорттық секцияға барып жүрген баланың да медициналық анықтамасы болуы керек", - дейді федерация президенті.
Сонымен қатар, Джейхун Мамедов балалар жекпе-жекті 11-12 жасқа дейін, адамның қаңқасы күшейген кезде бастауы керегін айтады.
Еске салайық, кеше Әзербайжанның Сумгаит қаласында жағаұстатар жайт болды. Дзюдо және самбо жаттықтырушысы, Еуроойындардың қола жүлдегері Мехман Халилов жеті жасар спортшыны өлгенше сабап тастаған. Оқиға басқа балалардың көзінше болған.
Қаладағы танымал спортшы балаға қарсы қауіпті әдісті қолданған. Салдарынан жеті жастағы бала мойнын сындырып алған. Бала ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер қолынан келгенін жасағанымен баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.