Ресми Пекин КСРО тарағаннан кейін тәуелсіздік алған елдердің бәрінің аумақтық тұтастығын сыйлайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні таңертең елшілік ресми WeChat аккаунтында елші Лу Шаенің қытай және француз тілдеріндегі сөйлеген сөзінің толық нұсқасын жариялаған. Дегенмен, Бейжің уақыты бойынша түске таман сілтеме «автор алып тастаған» деген ескертпемен жойылды. Сұхбат елшіліктің ресми сайтында да жарияланған жоқ.
Еске сала кетсек, Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шае таяуда КСРО жайлы күтпеген сөз айтып, айды аспанға шығарған-тын. La Chaîne Info жаңалықтар арнасының эфирінде тележурналист Дариус Рошебен елшінің Қырымға қатысты позициясын сұраған.
Алдымен, журналист елшіден «Қырым қай елдің аумағы?» деп сұраған. Бұл сұраққа елші «сіз қалай қабылдайсыз – соған байланысты» деп жауап береді.
«Қырым әуелі Ресейдікі болған, кейін Хрущев оны Украинаға берді», - дейді ол.
Осы кезде журналист халықаралық құқыққа сәйкес, Қырым Украинаның аумағы екенін ескертеді. Алайда Лу Шае посткеңестік мемлекеттер халықаралық құқыққа сәйкес мәртебеге ие емес екенін айтқан.
«Олардың егеменді ел ретінде мәртебесін нақтылай түсетін қандай да бір халықаралық келісім жоқ», – дейді Қытай елшісі.
Қытай дипломатының бұл мәлімдемесіне Украинаның Франциядағы елшісі Вадим Омельченко бірден әрі өткір пікір білдірді.
«Бұл жерде оның геограция жағынан проблемасы бар. Болмаса оның бұл мәлімдемесі «халықаралық құқықтар мен мақсаттар, БҰҰ Жарғысы қағидаттары негізінде Украинада бейбітшілікті қалпына келтіру бағытындағы талпынысы жасап жатқан» қытай астанасының позициясымен кереғар», - деп жазды Украина елшісі Twitter-де.
Қытайдың Латвия, Литва мен Эстониядағы елшілері 24 сәуірде Қытай елшілерін СІМ-ге шақырып, осы мәселені түсіндіруді талап етті.