«Соғысқа өз еркіммен келдім»: Ресей жасағына қосылған қазақ жігіті үндеу жасады (ВИДЕО)

"Вагнер" жеке әскери компаниясымен келісімшартқа отырып,  Ресейдің  «арнайы операциясына» үлес қосуға бекінген қазақстандық студент отандастарына бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

«Соғысқа өз еркіммен келдім»: Ресей жасағына қосылған қазақ жігіті үндеу жасады (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Марғұлан Бекеновтің сөзінше, БАҚ-та оның ұрланғаны туралы ақпараттың тарауы – ұлын уайымдап, оны кез келген жолмен елге қайтарғысы келген анасының әрекеті.

«Вагнер» ЖӘК компаниясына өз еркіммен соғысуға, арнайы әскери операцияға үлесімді қосуға келдім. Мен өзімді жақсы сезінемін, ұжым тамаша, өзімді таптым. Маған бұл жер ұнады. Психикалық және эмоционалды тұрғыда жағдайым жаман емес. Тағы да қайталаймын, мені ешкім ұрлап әкеткен жоқ», - деді Бекенов.

Айта кетейік, Қазақстанның қылмыстық кодексі бойынша шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұдан бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейде «Вагнер» жасағының құрамына кірді делінген қазақстандық студентке қатысты пікір білдіріп, қолдағы мәліметтерге сәйкес құжатта көрсетілген азамат «Вагнер» ЖӘК-мен өз еркімен келісімшартқа отырғанын мәлімдеген.