15.03.2023, 17:45

Түркияда толассыз жаңбырдың соңы жойқын су тасқынына ұласты: 5 адам қаза болды

Фото: Twitter/kingoftthedevil

Түркияның оңтүстік-шығыс аймағындағы бірнеше провинцияда нөсер жаңбырдың соңы су тасқынына ұласты. Апат салдарынан кем дегенде бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Daily Sabah басылымының мәліметіне сүйенер болсақ, Түркияның төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасы (AFAD) Адыяман аймағында су тасқыны қатты жаңбырдың салдарынан болғанын хабарлайды.

«Апат аймақтарына – Адыяман, Адана, Кахраманмараш және Диярбакыр жеріне құтқарушылар жіберілді. Жағдайды бақылауда ұстаймыз. Бұл жерге су тасқынының салдарын жою үшін арнайы техника келеді деп күтіліп отыр», - деп жазады AFAD Twitter желісінде.

Cumhuriyet басылымының мәліметіне жүгінер болсақ, қатты жаңбыр жауған Адыяман провинциясында су басу салдарынан бес адам қаза тауып, тағы бесеуі із-түзсіз кетті.

Сондай-ақ, Шанлыурфа Эйюбие оқу-зерттеу ауруханасының реанимация бөлімін су басты. Науқастар өзге ауруханаларға ауыстырылды. Сол сияқты мектептердегі сабақтар тоқтатылды.

Түркияның мемлекеттік метеорологиялық қызметі (TSMS) 14-20 наурыздағы ауа райы болжамын жариялады, сол сияқты жақында бірнеше күшті жер сілкінісінен зардап шеккен оңтүстік-шығыс аймақтың қызғылт сары кодын жариялады.

Адыяман, Диярбакыр, Элазиг, Малатия, Кахраманмараш, Мардин, Сивас, Шанлыурфа және Килис провинциялары қатты жаңбыр жаууы мүмкін қызғылт сары коды бар провинциялардың қатарына кірді.