Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 38 мыңнан асты

Түркиядағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 38 мыңнан асты. Бұл туралы  Түркияның Төтенше жағдайлар жөніндегі үкіметтік басқармасы мәлімдеген, деп хабарлады Azattyq Ruhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 38 мыңнан асты
Фото: ашық дереккөз

«Соңғы ақпаратқа сәйкес, Кахраманмараш, Газиантеп, Шанлыурф, Диярбакыр, Адана, Адыяман, Османие, Хатай, Килис, Малатье және Элазигте барлығы 38 044 адам (жер сілкінісінен) қаза тапты. Өңірде алғашқы жер сілкінісінен бері 4,7 мыңнан астам жерасты дүмпуі болды», - деп хабарлады ведомство.

Айта кетейік, Қазақстан Түркияға тағы 55 тонна гуманитарлық көмек жіберді. ҚР Үкіметі апат болған алғашы күні-ақ Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жөнелткен болатын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы шұғыл жәрдем ретінде 1 миллион доллар бөлінетінін хабарлады. Бұдан бөлек, қазір зілзала болған аймақта қазақстандық құтқарушылар да адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласында 100 қазақ үйін тігіп жатыр.