Түркияда үйінділер астында жатқан әйел 170 сағаттан кейін құтқарылды

Түркияның оңтүстігіндегі Газиантеп провинциясында 40 жастағы Сибель Кая жер сілкінісі болған соң 170 сағаттан кейін үйінділердің астынан аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Anadolu сайтына сілтеме жасап.

Түркияда үйінділер астында жатқан әйел 170 сағаттан кейін құтқарылды
Фото: Anadolu

Ислахия аймағындағы іздеу-құтқару жұмысына Түркия үкіметі жанындағы апаттар мен төтенше жағдайларды басқару басқармасының (AFAD) бригадасы, еріктілер, Ыстамбұл Гюнгерен ауданы муниципалитетінің қызметкерлері және Түркияның көмір өндіру институтының (TTK) бас басқармасы қатысты.

Әйел қираған 5 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы бетон плиталарының астында қалып қойған. Сибель Каяға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылды.

Еске салсақ, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті баллдан асатын екі жер сілкінісі болды. Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 29,6 мыңнан асты.

Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияда апат құрбандарына арналған жеті күндік Жалпыұлттық аза тұту жариялады. Түркияның мемлекеттік тулары бүкіл ел бойынша төмендетілді.

Көршілес елдерде де, оның ішінде Сирияда, Ливанда, ТРСК, грек Кипрінде және Иракта жойқын жер сілкінісі болды.

Соңғы мәліметтер бойынша Сирияның Идлиб, Алеппо, Хама, Латакия және Ракка провинцияларында 3,5 мыңнан астам адам қайтыс болды.