Қала тұрғындары 76 күн карантинде отыруға мәжбүр болған. 4 мың адам коронавирустан көз жұмды.
Уханда бір айда бірде-бір коронавирус жағдайы тіркелмеді. Қала тұрғындары қалыпты өмірге оралды. Базарда сауда жасап, далаға шығып, таза ауада қыдыра алады. Коронавирус инфекциясының алғаш осы Уханда шығып, әлемге тарағаны мәлім. Онда 4 мың адам коронавирустан қайтыс болды, деп хабарлады paryz.kz, qamshy.kz-ке сілтеме жасап.
30 жылдық тәжірибесі бар шаштараз "қалада вирус өршіп тұрған уақытты еске алудың өзі ауыр" деп көзіне жас алды.
"Карантин басталғанда сән салонымды жабуға тура келді. Ақшадан қиналғандықтан, ғимаратты жалға беруші бір айдың ақшасын төлемеуге рұқсат берді. Карантин кезінде әріптестеріммен бірігіп, ерікті ретінде адамдардың шашын тегін қидық. Мен 2 мың адамның шашын қидым. Оның арасында медицина қызметкерлері көп. Олардың шашын қиғанда коронавирустан қорғайтын киімнен бастарында із қалғанын байқадым. Бұны көргенде көзіме жас келді. Ауруханада жұмыс істейтін қызметкерлердің шашын қию қауіпті еді. Қорыққаным да рас. Инфекция жұқтырмай, жолым болды. Отбасыммен тұратындықтан, әйелім балалар үшін қорықты. "Тағы сыртқа шығатын болсаң, полицияға хабарласамын" деді. Мен жатақханаға көшуді ұйғардым. Үйден шығып, әйелім есікті жапқанда, көз жасыма ерік бердім. Бірақ шаштараз ретінде қолымнан келгенше көмектесу міндетім еді", – деп еске алды.
Шаштараз арнайы киім киіп, таза ауада жұмыс істеген. Шашын қиған әр дәрігер оның киіміне қолтаңбасын қалдырып отырған. Оның айтуынша, халық үшін қиын сәтте жасаған жақсылығының арқасында жұмысы алға басты. Қазір оның салонына халық бұрынғыдан да көп келеді. Кәсібі осы қарқынмен жүрсе, 2021 жылы салонның филиалын ашу ойында бар.
Кәсіпкерлердің барлығының бірдей дәл былай тасы өрге домаламады. Кәсіпкерлер тұтынушылар саны аз болғандықтан, тауарын арзанға сатуға мәжбүр.
Айта кетсек, Уханда карантин 8 сәуірде жарияланған. 2 мамырда мекемелердің ашылуына рұқсат берілді. Десе де қала билігі коронавируспен күрес әлі аяқталмағанын айтады. Ухан тұрғындары 76 күн карантинде отыруға мәжбүр болған. 4 мың адам коронавирустан көз жұмды.
Hot-Dry Noodles мейрамханасының директоры Уанг Юлиан локдауннан кейін мейрамханаға адамдар әлі де көп келмейтінін айтады.
"Адамдар әлі де қорқады. Біз ақшамызды жоғалтып жатырмыз. Мәселен, қазір жаңбыр жауып тұр. Сәйкесінше, адам қарасы да аз. Бұрын көмекші жалдауға мүмкіндігім болмағанда, өзім 20 сағат жұмыс істейтінмін. Мен балаларымды аяқтандыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын", – дейді Уанг Юлиан.