Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Шетелдік қазақтардың жекпе-жекке көк байрақты жамылып шығуы дұрыс па? (ФОТО)

Бұндайда өзге жұрттың "Ендеше, неге Қазақстанда туып-өскен Головкинге украин елінің, Ильинге орыстың, Чиншанлоларға Қытайдың туын алып шықпасқа?!" деуі мүмкін ғой...

Шетелдік қазақтардың жекпе-жекке көк байрақты жамылып шығуы дұрыс па? (ФОТО)
Фото: ашық дереккөз

Бүгінде Германияда туып-өскен қазақтың қаршадай қызы Ясемин Қарабазар тарихи отанына деген сезімін қазақтың көк байрағын жарыстарға алып шығумен білдіріп жүр. Оның ата-анасы Ауған асып, Түркияда біраз жыл тұрып, сосын жұмыс бабымен немістің Мюнхен қаласына қоныс аударыпты, деп жазды paryz.kz.

Жат елде дүниеге келіп, сонда өмір сүріп жатса да кикбокс деп аталатын спорт түрімен шұғылданып, бойындағы қазақи қаны тасып, тегін ұмытпаған аруды қалай мақтаса да жарасады емес пе?! Әрбір жарысқа Қазақстанның туын көтеріп шығып, неміс көрермендерін тәнті етіп, қайда жүрсе де ата-бабасын ұмытпағаны сүйсінерлік жағдай.

Қара көз қызымыздан бөлек, "The Kazakh kid" лақап атын жамылған аустралиялық Нұрболат Қуандық атты жігіт те бүкіл жарысқа “Kazakh” сөзі жазылған киім киіп, көк туды жамылып шығып жүр.

Нұрболаттан өзге, Ресейдегі этникалық қазақ Дамир Ысмағұлов әлемнің нөмірі бірінші жекпе-жек ұйымы UFC-ге байрағымызды алып шығып, онда жеңіске жеткен алғашқы қазақ ретінде тарихта қалды. Сол көріністі көрген қаншама қазақ баласының көзінде от жанды десеңізші. Ал ең алғаш UFC-де жекпе-жекке шыққан қытайлық Жұмабек Тұрсын да тақия мен шапан киіп шыққанда көрермен бөркін аспанға атқан еді. Сөйтіп жүрген Жұмабек те Қазақстанға келіп алды.

Әлеуметтік желілерде Қытайдағы қазақтардың да "Қазақстан" деген жазуы бар жейде киіп, көліктерінің ішіне туды іліп қоятынын көзіміз көріп жүр.

Осындай қаншылдық - қазақтың қайда болса да бір-біріне, тарихи атажұртына деген махаббаттарының асқақ екенінің дәлелі. Миллиондаған адамдардың алдында кім екенін, қайдан шыққанын танытып жүр.

Түбі сол оғландардың Мұстафа Шоқай сияқты Қазақстанға табан тіреп, елдің абыройын көтеруге ықпал етері сөзсіз.

Алайда, "таяқтың екінші ұшы да бар". Бұндайда өзге жұрттың "Ендеше, неге Қазақстанда туып-өскен Головкинге украин елінің, Ильинге орыстың, Чиншанлоларға Қытайдың туын алып шықпасқа?!" деуі мүмкін ғой. Сондықтан да өйтіп асыра сілтемей-ақ, әлемге әркім өз туып-өскен жерінің ғана рәмізін паш ете бергені жөн-ау деп ойлайсың кейде...