Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Тәжікстан Қазақстанда сотталған азаматтарын қабылдаудан бас тартты

Осыған дейін Қазақстан түрмелерінде жатқан тәжіктердің туыстары қазақ билігін жақындарына жазаларын өз елінде өтеуге мүмкіндік беруге шақырған.

Тәжікстан Қазақстанда сотталған азаматтарын қабылдаудан бас тартты
Фото: ашық дереккөз

Тәжікстан билігі Қазақстанда терроризм бабы бойынша сотталған 7 азаматын қабылдаудан бас тартты. Бұл ақпаратты Азаттық радиосының Тәжік қызметі хабарлады.

Былтыр қыркүйек айында Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі арнайы мамандандырылған ауданаралық соты "Алматыда теракті ұйымдастырмақ болды" деп айыпталған Тәжікстанның 7 азаматын 12 мен 18 жыл аралығында бас бостандығынан айырған еді.

Сот құжаттарында 7 айыпталушыға "террористік топ құру", "теракті ұйымдастыру", "заңсыз жарылғыш заттарды дайындау", "заңсыз қару-жарақ сақтау" сияқты баптар бойынша айып тағылғаны, олардың кінәсі дәлелденгені жазылған.

Сот үкімі бойынша, "террористік топты құрды және оған жетекшілік жасады" деп айыпталған Косимжон Гиесов - 18 жылға, Абдухалим Давлатов және Нематуло Нематов - 14 жылға, Парвиз Туйчиев, Султони Аминзода, Шарифали Сафаров, Сафиюлло Косимовтың әрқайсысы 12 жылға сотталған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, Тәжікстан бас прокуратурасы тәжік азаматтарын еліне қайтарғысы келген Қазақстан билігінің ұсынысын қабылдамай, мемлекеттің "ауыр қылмысы үшін сотталғандарды қабылдамайтынын" жеткізген. Осыған дейін Қазақстан түрмелерінде жатқан тәжіктердің туыстары қазақ билігін жақындарына жазаларын өз елінде өтеуге мүмкіндік беруге шақырған.

Тәжікстан бас прокуратурасындағы өзге дереккөздің хабарлауынша, ресми Душанбе 2019 жылы түрмелердегі бүліктен кейін басқа мемлекетте терроризм үшін сотталған азаматтарын қабылдамау туралы шешім қабылдаған.

Тәжікстанда 2018 жылы қараша айында Хожент, 2019 жылы мамыр айында Вахдат қалаларындағы түрмелерде бүлік шығып, 50 адам қаза тапқан-ды. Тәжік билігі сол түрмелерде "терроризм" бойынша жазасын өтеп жатқан "Ислам мемлекеті" террористік тобының жақтаушыларын кінәлаған.