Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Әзербайжан-Армения шекарасындағы әскери қақтығыс: Пашинян ҰҚШҰ-дан көмек сұрады

13 қыркүйекке қараған түні Әзербайжан-Армения шекарасында әскери қақтығыс басталды. Атыс салдарынан екі тараптан да жараланғандар мен қаза тапқандар бар екені айтылды. 

Әзербайжан-Армения шекарасындағы әскери қақтығыс: Пашинян ҰҚШҰ-дан көмек сұрады
Фото: "Кавказский Узел"

Бұл оқиға туралы екі елдің қорғаныс министрліктері қарама-қайшы ақпарат таратып жатыр, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

«13 қыркүйек күні сағат 00:05-тен бастап Әзербайжан Қарулы күштерінің бөлімшелері Горис, Сотк және Джермук маңындағы Армения территориясын артиллериядан, ірі калибрлі атқыштардан төпелеп атқылай бастады», - деп мәлімдеді Армения қорғаныс министрлігі.

Арменияның әскери ведомствосы Әзербайжанмен шекарадағы қақтығыс салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін атап өтті. Сондай-ақ Әзербайжанның азаматтық инфрақұрылымға соққы беріп жатқаны хабарланды.

Ал өз кезегінде Әзербайжан қорғаныс министрлігі Армения әскерилерін арандату әрекеттерін жасады деп айыптады.

«12 қыркүйекке қараған түні Армения қарулы күштерінің бөлімшелері Әзірбайжан-Армения мемлекеттік шекарасының Дашкесан, Калбажар және Лачын бағыттарында ауқымды түрде диверсия жасады», - деп мәлімдеді ресми Баку.

Әзербайжан тарапының мәліметінше, қақтығыс кезінде, ел әскерилерінің позициялары атқылауға ұшыраған.

«Соның салдарынан жеке құрам арасында шығын болып, әскери инфрақұрылымға зақым келді. Қазіргі кезде Армения қарулы күштерінің атыс нүктелерін ауыздықтау және әскери қақтығыстар ауқымының кеңеюіне жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылданып жатыр», - делінген Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Елдің Қорғаныс министрлігі Әзербайжан әскерлерінің Армения аумағына басып кіруі туралы ақпаратты бос сандырақ деп атап, «қазіргі ахуалдың жауапкершілігі Ереванның мойнында» деді.

Сондай-ақ Баку Армения қарулы күштерінің адам күші мен әскери техникасының шығыны бар екенін хабарлады.

Осы орайда Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Ресей президенті Владимир Путинмен жағдайды талқылады.

«Армения Республикасының егеменді аумағына жасалған агрессияға байланысты Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ережелерін жүзеге асыру мақсатында Ресей Федерациясынан ресми түрде көмек сұрады», - деп хабарлады Армения Министрлер кабинетінің баспасөз қызметі.

Пашинян сондай-ақ Франция президенті Эммануэль Макронмен шиеленіскен жанжалды талқылады.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Армения мен Әзербайжанды соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырды. Оның айтуынша, қақтығыстың әскери шешімі жоқ.