Саясаттан мүлдем мақрұм бұрынғы актер билікке келгелі сыртқы қарыз 85,1 млрд долларға өскен.
Саясаттанушы Мақсат Жақау Facebook-тегі парақшасына Украина президенті Владимир Зеленский туралы жақсы пікір жазды. Оның сайланғанша өз халқына берген уәделерінің әлі де орындалмағанын, ісі мен бюджеттің бір-біріне сай келмейтінін әшкереледі, деп хабарлады paryz.kz.
Жазба көлемді болғандықтан, автордың өз қолтаңбасын сақтай отырып, толыққанды бергенді жөн көрдік.
"Соңғы ақпарат көздерінен Украинаның саяси коллапс жағдайында тұрғанын байқап жүрміз. Әсіресе, Украинадағы ірі қалаларға мэрлерін сайлау бойынша қайта дауыс беруін өткізу саясаттың біраз осал тұстарын көрсетіп берді. Жергілікті жаңалықтарында орталық билікке қарсылық осы мэрлікке түсіп жатқан үміткерлерден шығып жатқанын көріп отырмыз. Бұл дегеніміз – Зеленский билігінің жергілікті олигархтық топтар мен кәсіпкерлерге ашық текетірестерді көрсетіп жүргендігінің белгісі.
2015 жылы актер Владимир Зеленскийдің "Слуга народа" деген киносын айызымыз қанғанша рахатта көре бастадық. 2019 жылы Президенттікке шынымен де кандидат болған кезінде соңғы сериалын тауыстық. Шынын айту керек, сол кезде кино мен өмірді шатастырып алды ма, әйтеуір, халықтың 73 пайызы Кривой Рогтан шыққан актер, шоумен, квнщикке қалай дауысын бергенін байқамай қалды.
Ал енді сол "слуга народа" Зеленскийдің шынайы президенттік билігінде Украина саяси күйзеліске түсіп кетті. Оны мынадан көреміз:
Үміткер Зеленский 21 өзгеріс жасаймын деген еді. Кинода бәлкім 21 серияда жасай салатын шығар, өмірде тек осы уақытқа дейін үшеуі ғана жүзеге асты. Бірі – ауылшаруашылық жерлерінің нарығын ашу, екіншісі – Президенттің импичменті мен Рада депутататтарының қолсұғылмаушылығын алып тастау туралы Заңын қабылдау. Ал үшіншісі... ойдағыдай болды деп айтуға болмас, кәсіпкерлерлік салығын табысқа ауыстыру болатын. Бірақ, бизнеске айыппұлды көтеріп, салығын екі есе арттырғанын қайда қоюға болады? Осы жерде КВН командасының экскапитаны Зеленский омақаса құлап түсті. Бизнесті өзіне қарсы қойып алды.
"Слуга народа" партиясының қатары сейіліп, қолдаушы партиялары Президенттің бастамасын қолдаудан бас тартуда. Ең ащы шындығы, бұл жерде президент Зеленскийдің сөзі ісі мен бюджетімен сәйкес келмеуі еді. Саясаттан мүлдем мақрұм бұрынғы актер билікке келгелі сыртқы қарыз 85,1 млрд долларға өскен. Ал елге инвестиция тартудан гөрі, ішкі кәсіпкерлерін қинауға кіріскен ол, экономикамен айналысудың орнына, онсыз да рейтингі КВН баллының 5-2-ге қарай түскеніндей саяси ықпалын көрсетумен әлек. Бұл ең үлкен саяси қателігі болады-ау?!
Кезінде "билікке жас саясаткер келді" деп қолдағандардың бірі едік. Бірақ жастық қана аздық етеді екен билікке, егер де саяси, мемлекеттік ұйымдастыру, басқару, дипломатиялық тәжірибесі болмаса. Зеленский патриот екенін ДНР кезінде Ресейдің басқыншылық саясатына қарсы өте жақсы қимылдаған өнер иесі ретінде таныла білді. Украина саясатына не керектігін кино тілімен жеткізе білді. Бірақ, жас Президент былай қателеспеуі керек еді. Әлде кино мен өмірді шатастырып алғаны ма? Әрине Владимирдің бүгінгі пияр технологиясынан гөрі, берген уәделерін толерантты, жүйелі жүргізгені, украиндықтардың үмітін ақтағаны керек еді. Қанша дегенмен, бұл кино емес қой саған Зеленский...".