Өзбекстандағы наразылықтар: Қарақалпақтар егемендіктен айыру туралы шешімге қарсы шықты

Өзбекстанда қарақалпақтар егемендіктен айыру туралы шешімге қарсы шықты деп хабарлайды Рaryz.kz  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Өзбекстандағы наразылықтар: Қарақалпақтар егемендіктен айыру туралы шешімге қарсы шықты
ашық дерек көздерінен

Қарақалпақ Республикасы Өзбекстанның құрамына кіреді. Ел Конституциясына енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, Қарақалпақстан қазіргі таңда бекітілген егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығынан айырылуы мүмкін.

Тиісті түзетулерді мемлекеттің негізгі заңының 70-75-баптарына енгізу ұсынылып отыр.

Белгілі болғандай, бұған дейін бірқатар қалалар мен ауылдарда қарақалпақтар ұсынылған өзгерістерге келіспейтіндіктерін білдірген бейнехабарламалар түсірген. Бұған қоса, билік бірнеше оппозиция белсенділерін, журналистер мен блогерлерді қамауға алды. Алайда наразылық нәтижесінде олардың біразы босатылды.

Оппозиция жетекшісі, адвокат Даулетмурат Тажимуратов 5 шілдеде бейбіт шеру өткізуге билікпен келіскенін бүгін мәлімдеді. Бірнеше сағат бұрын азаматтық киім киген адамдар оны отбасымен бірге, белгісіз бағытқа алып кеткен. Халық Даулетмурат Тажимуратовтың тез арада босатылуын талап етіп, өздігінен көшеге шыға бастады. Артынша, Д.Тажимұратовты босатқан. Қарақалпақ белсенділері бұл жағдай туралы БҰҰ мен АҚШ президентіне хат жолдаған. 

1990 жылы Қарақалпақстанның Егемендігі туралы Декларация қабылданды. 1993 жылдың басында мемлекетаралық келісімге қол қойылды, оған сәйкес Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасының құрамына кірді. Автономия аумағы ел аумағының үштен бірінен астамын құрайды, бірақ мұнда екі миллионнан аз адам тұрады. Қарақалпақстан пайдалы қазбаларға бай.

Бір аптадан бері Қарақалпақстанда интернет те дұрыс жұмыс жасамаған.

Қарақалпақстан тұрғындары сепаратизм туралы айыптауларды жоққа шығарады. Наразылық акциясына Өзбекстаннан бөлінуге ұмтылу емес, биліктің конституциялық құқықтарды өрескел бұзып, аймақтың ерекше мәртебесін жою әрекеті себеп болған.