Сол уақыт аралығында олар ақ халаттыдан сиқырлы шам үшін 200 мың доллар алуы тиіс болыпты.
Үндістанда дәрігер Алладиннің сиқырлы шамын дені сау және бай болу үшін 40 мың долларға сатып алмақ болып, алаяқтарға алданып қалды, деп хабарлады paryz.kz, жергілікті NDTV басылымына сілтеме жасап.
Мератх қаласының дәрігері "Алладин шамын" 40 мың долларға сатқан алаяқтар туралы полицияға шағым түсірген. Дәрігерді шамның сиқырлы екеніне сендіру үшін алаяқтардың бірі оған жын кейпінде келген. Жәбірленуші сиқырлы шамды сатушылармен өз емханасында танысқан екен. Алаяқтар дәрігерге анасын емдетуге келіпті.
Дәрігермен әңгімелесу барысында алаяқтар сиқырлы шамның байлық пен денсаулық әкелетініне ақ халаттыны әбден сендірген. Ойын жүзеге асыру үшін олар дәрігерді жалған гурумен таныстырады. Гуру рухтармен қалай сөйлесу керектігін білетінін алға тартып, сеанстардың бірінде жынды шақырған. Дәрігерді алдау жоспары бір айға созылған. Сол уақыт аралығында олар ақ халаттыдан сиқырлы шам үшін 200 мың доллар алуы тиіс болыпты. Алайда, ойлары соңына дейін жүзеге аспай, 40 мың долларды қанағат тұтып, ізін суытқан.
Көп ұзамай, полицейлер екі алаяқты ұстап, қамауға алды. Олар әккі алаяқтардың осылайша көптеген отбасыларды алдаған болуы мүмкін екендігінен күдіктенеді. Қылмыстық топтың тағы бір мүшесі қашып үлгерген.