Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Парламент спикері қызметінен кететінін мәлімдеді

Жапаров қазан айының соңында президент сайлауына түсетінін мәлімдеп, желтоқсан айында қызметінен кететінін айтқан.

Парламент спикері қызметінен кететінін мәлімдеді
Фото: дереккөз

Қырғыз Парламентінің спикері, "Кыргызстан" фракциясының жетекшісі Канатбек Исаев 4 қараша күнгі Парламент отырысында қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол 10 қаңтарда өтетін президент сайлауына қатысу ойы барын жеткізді, деп хабарлады azattyq.org. 

"Жақында [премьер-министр] Садыр Жапаров сайлауға қатысатынын айтып, ресми мәлімдеме жасады. Демек, ол президент міндеті қызметін атқара алмайды, сондықтан өкілетті спикерге беруі тиіс болатын. Содан бері жағдай өзгерді. Жогорку кеңеш депутаттарының өкілет мерзімі ұзартылды, спикер мемлекет басшысы міндетін атқара алады. Бірақ партия мүшелері мені президент сайлауына үміткер ретінде ұсынып отыр, сол себепті президент міндетін атқара алмаймын. Ол міндетті қайтадан үкіметке беруге болмайды, себебі онда премьер-министр жоқ. Ал президент міндетін вице-премьерге тапсыруға болмайды деп есептеймін. Сол себепті дағдарыс туындамас үшін спикер қызметінен кетуді ұйғардым", - деді Канатбек Исаев.

Осыған дейін Жогорку кеңеш депутаттарының спикер Канатбек Исаевқа сенімсіздік білдіріп, қол жинай бастағаны да хабарланған еді.

Канатбек Исаев парламент сайлауынан кейін туындаған саяси дағдарыс тұсында - 13 қазанда Қырғызстан парламентінің спикері болып сайланған еді. Премьер-министр Садыр Жапаровтың легитимдігі жайлы дау туындаған шақта Исаев спикер болып тұрды. Кейін ол президент міндетін атқарудан бас тартты. 16 қазанда Қырғызстан парламенті президент өкілетін премьер-министр Садыр Жапаровқа беруді мақұлдаған.

Жапаров қазан айының соңында президент сайлауына түсетінін мәлімдеп, желтоқсан айында қызметінен кететінін айтқан. Бірнеше күннен кейін "Бутун Кыргызстан" оппозициялық партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров та сайлауға қатысатынын жеткізді.