Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Түркиядағы зілзала: үш күндей үйінді астында жатқан үш жасар бала құтқарылды

2 қарашадағы жағдай бойынша, Түркияның Измир қаласында магнитудасы 6.6 жер сілкінісінің салдарынан 79 адам қаза тапқан.

Түркиядағы зілзала: үш күндей үйінді астында жатқан үш жасар бала құтқарылды
Фото: дереккөз

Измир қаласында қирандылардың астында жатқан 3 жасар Элиф Перинчек арада 65 сағат өткенде құтқарылды. Ол – Түркияның батысында болған зілзаладан соң құтқарушылар аман алып шыққан 106-шы тұрғын. Бұл туралы paryz.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Кішкентай қыз жақын маңдағы ауруханалардың біріне жеткізілген. Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасының (AFAD) басшысы Мехмет Гюллюоглу баланың құтқарылғанына қуанышын білдірді. Элифтің туыстары бұны таңғажайып оқиға деп бағалап отыр. Мұның алдында бүгін құтқарушылар үйіндінің астынан 14 жасар Идиль Ширинді алып шыққан болатын.

2 қарашадағы жағдай бойынша, Түркияның Измир қаласында магнитудасы 6.6 жер сілкінісінің салдарынан 79 адам қаза тапқан. Зардап шеккен 963 адамның ішінде 743 адам ауруханадан шығарылды, 219 адам ем қабылдап жатыр. Сегіз тұрғын үйдің үйінділерінде іздеу-құтқару жұмысы жалғасып жатыр. Түркия жағалауындағы бірінші жер сілкінісінен кейін Эгей теңізінде жалпы алғанда 1120 әлсіз сезілген жерасты дүмпуі тіркелген, бұл ретте 43-інің магнитудасы 4 балдан асты.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған зілзала салдарын жою үшін мемлекеттің бүкіл қажетті қоры шоғырландырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол баспанасынан айырылған барлық тұрғынның жаңа пәтер алатынын атап өтті.