Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

АҚШ президентінің ұлы мен Кәрім Мәсімовты не байланыстырған?

АҚШ президенті Джо Байденнің ұлына Кәрім Мәсімовпен астыртын келісім жасап, заңсыз пайда таппақ болды деген айып тағылды, деп хабарлайды Paryz.kz, Экспресс К-ға сілтеме жасап. 

АҚШ президентінің ұлы мен Кәрім Мәсімовты не байланыстырған?
Сурет: Ria.ru

Батыс ақпарат құралдары Хантер Байденнің Мәсімовпен сөз байласып, Қазақстандағы мұнай саудасынан миллиондаған доллар табыс табуды көздегенін жазады. 

Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен тұтқындалған Мәсімовтің америкалық сыбайласы жайлы ақпаратты британдық Daily Mail таратқан.

Хантер БАЙДЕН АҚШ-тың санкциясы салынған қытайлық энергетикалық компания мен сол кездегі Қазақстан премьер-министрі Мәсімовтың арасында жасалған құны 120 миллион долларлық келісім-шартты бекітуге ара ағайын болу арқылы пайда табуды көздеген. Оның бұл іске қатысы барын электронды хаттардан аңғаруға болады, — делінген мақалада.

Басылым аталмыш келісімге қатысты тараптар алмасқан электронды хабарламалардан бөлек әкелі-балалы Байдендердің Мәсімовпен бірге түскен суретін де жариялаған.

Хантер БАЙДЕН Қытайдың мемлекеттік ұлттық оффшорлық мұнай компаниясы (CNOOC) мен Қазақстан үкіметі арасындағы келіссөздерге кеңесші есебінде қатысып, өз қызметіне аса қомақты өтемақы сұрауды ойластырған. Ал Daily Mail Байденнің ұлы өзі ара ағайын болуды көздеген CNOOC компаниясына АҚШ үкіметінің санкция салғанын білмейтініне күмәнмен қарайды.

АҚШ президентінің ұлы 2014-2015 жылдары украиналық Burisma компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі есебінде Бейжің мен Қазақстанға бірнеше рет іссапармен келеді. Электронды хаттарда Қазақстандағы мұнай кеніштерін бұрғылау құқығы CNOOC, бұрғылау қондырғылары мен скважиналары Burisma компаниясына тиесілі болу қажеттілігі талқыланған. Кіші Байденнің хаттарында аталған келісімнің бекітілгені немесе бекітілмегені көрсетілмеген, — деп жазады Daily Mail.

2014 жылдың сәуірінде жазылған хатта Байденнің қытайлық серіктестері өздерінің Burisma компаниясымен жұмыс істеуге мүдделі екенін мәлімдейді.

Сонымен қатар, британдық басылым Хантер Байденнің Мәсімов пен оның ұлы Искандерді "өзінің жақын достары" деп хабарлағанын жазады. АҚШ президентінің ұлы мен Мәсімов Қазақстанда 2014 жылы кездескен.

Ол кезде Кәрім Мәсімов екінші рет премьер-министр қызметіне тағайындалған болатын.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны үшін тұтқындалып, екі айға қамалды.