"Үстінде жәндіктер мен құрттар жүрген": Жаңа туған сәбиді орманға тастап кеткен (ВИДЕО)

Нәрестенің үстінде жәндіктер мен құрттар жүрген.

Таиланд тұрғындары орманнан жаңа туған нәрестені тауып алды. Дүниеге келгеніне небәрі екі күн болған сәби аймақтағы жыртқыш жануарлар мен улы жәндіктерге қарамастан, тірі қалған деп хабарлайды Stan.kz, Daily Mail-ге сілтеме жасап.

Қыз баланы Краби ауылының тұрғындары кездейсоқ тоғайдың арасынан, банан жапырақтарының үстінде жатқан жерінен тауып алған. Сәбидің үстінде ешқандай киім болмаған. Нәрестенің үстінде жәндіктер мен құрттар жүрген. Оны тапқан ерлер сәбиді қозғауға қорқып, бірден құтқарушыларға хабарласқан. 

Дәрігерлер оқиға орнына жеткенде, сәбидің денесінен бірнеше жара, жәндіктердің шаққан орнын байқапты. Одан өзге, қыздың денсаулығында ақау болмаған. 

Қазіргі уақытта сәби ауруханада, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер қыздың небәрі екі күн бұрын дүниеге келгенін мәлімдеді. Олар ормандағы жыртқыш аңдар мен улы жәндіктерге және ауа-райына қарамастан, қыздың аман қалғанына қатты таңырқады. 

Жергілікті полицейлер жаңа туған баланы орманда тастап кеткен адамды іздеп таппақ. Алайда орманда бақылау камералары болмағандықтан, бұл іс қиынға соғайын деп тұр.