Мәліметтерге қарағанда, күдіктілерге қымбат техниканы алып өтуге "Аэрофлоттың" ұшқыштары көмектесіпті.
АҚШ-та Қазақстан азаматы ірі көлемде контрабандамен айналысты деген күдікпен ұсталды. Белгілі болғандай, отандасымыз бақандай 50 миллион доллардың ұрланған техникасын шекарадан заңсыз өткізбек болған. Сондықтан құзырлы органдар Антон Перевозниковты кепілмен бостандыққа шығу құқығынан да біржолата айырды, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Қазақстандық Антон Перевозников бұл қылмысқа жалғыз бармаған. Ол контрабандамен үлкен топ құрамында айналысыпты. Ал сыбайластары – Ресей мен АҚШ-тың өз азаматтары. Контрабандаға қатысы бар деп "Аэрофлот" әуе компаниясының қызметкерлері де күдікке іліккен.
Мәліметтерге қарағанда, күдіктілерге қымбат техниканы алып өтуге "Аэрофлоттың" ұшқыштары көмектесіпті. Тінту кезінде олардан Apple қымбат сағаттары мен планшеттер табылды. Осыған қатысты АҚШ билігі бір күнде әуе компанияның 113 экипаж мүшесін визадан айырды.
Прокуратура мәліметіне сәйкес, контрабандашылар Нью-Йорктен Мәскеуге 3 жыл қатарынан жасырын тауар тасып келіпті. Қазір бас-аяғы 10 адам қамауға алынған. Тағы екеуіне іздеу салынды. Ал ұсталған жерлесіміз Антон Перевозниковке қатысты мәліметті Сыртқы істер министрлігі тексеріп жатыр. Әзірге белгілісі, 34 жастағы отандасымыз көп жылдан бері Бруклинде тұрады екен.