Прямая трансляция

Астана

Астана

10°C

Мемлекет ішіндегі, одан тыс жерлердегі тәуекелдер деңгейін бағаламауға болмайды

Сонау екі мың он бірінші жылдары елімізде экстремизм мен терроризм белгілері көрініп, жантүршігерлік қанды оқиғалар орын алғаннан кейін мемлекет дереу іске кірісті. Қауіптің алдын алуға байланысты бағдарлама түзді, жоспар құрды, заң да шығарды. Жырақтан жұмақ іздегендерді «Жусан» операциясы арқылы елге әкелді, оңалтты, тура жолға бағыттады т.б. халық үшін қажетті іс-шаралар жасап келеді. Он жылға жуық жүргізілген жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Қамтылмай, айтылмай қалған тақырып кемде-кем.

Мемлекет ішіндегі, одан тыс жерлердегі тәуекелдер деңгейін бағаламауға болмайды
Кадр из видео

Мұндай қорытынды тұжырымға Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жасаған жұмысы негізінде келіп отырмыз. Дәл осы оқып отырған мақалаға дейін жат ағымның арбауына ілініп, тағдыры талқан болған адасушыларға жеке-жеке тоқталған едік. Алдағы уақытта ол топтама жалғаса береді. Ал бүгін геосаяси факторларды саясаттанушы маман арқылы сараптап өткенді жөн көрдік. Өйткені экстремизм мен терроризмнің артында үлкен саяси ойынның жатқандығын айтып келеміз. Оның үстіне кейінгі уақыттағы Ауғанстан жағдайы да сараптамаға сұранып тұр. Ол жақта билікке келгендер біздің елде заң бойынша тиым салынған ұйымның мүшелері. Сондықтан шығыстанушы маман, қоғам қайраткері, саясаткер Расул Жұмалының «Din-Almaty» инстаграм парақшасындағы геосаяси факторларға байланысты айтқанын ұсынамыз: «Бүкіл әлем Ауғанстандағы оқиғаларды бақылап отыр. Қазақстан – тұрақты, қауіпсіз ел. Бірақ мемлекет ішіндегі, одан тыс жерлердегі мүмкіндіктер мен тәуекелдер деңгейін бағаламауға болмайды. Қазақстан үшін ең өзекті тақырып - Ауғанстан тақырыбы. Бұл елдегі жағдай кем дегенде 40 жыл бойы шиеленісіп келеді. 2021 жылы Ауғанстандағы жағдай тағы да күрт нашарлады, бұл «Талибан» қозғалысының (Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйым) билікке келуімен байланысты болды. Бұл қозғалыс 2000 жылдардың басында БҰҰ-ның атынан террористік ұйым деп жарияланды. Қазақстанды қоса алғанда, біздің заңымыз бойынша, талибандар террористік ұйым болып табылады, басқа шешім әлі қабылданған жоқ.

Ауғанстан –  бізге өте жақын және өте байланысты ел. Алматыдан Кабулға дейінгі аралық Алматы мен Нұр-Сұлтан арасынан жақын. Осының өзі жеткілікті. Әрине, бұл алаңдаушылық тудырады. Ауғанстан мен Тәжікстан арасы өте шиеленісті жағдайда. Талибандар Тәжікстанға өте ауыр қысым жасап отыр. Сондай-ақ Тәжікстанға, Өзбекістанға заңсыз көшіп келген босқындар ағымы, бейбіт тұрғындармен бірге содырлардың да ауып келу қаупі бар. Қару-жарақ пен есірткі контрабандасымен байланысты қауіп бар. Яғни, жағдай өте өзгеруі мүмкін және жанама әсерлер өте көп. Сондықтан, әрине, жағдайды бақылап, қандай да бір жолмен әсер етуге тырысу керек. Ауғанстаннан келетін қауіпті бағаламау, «бұл алыс жерде» және «бұл бізге қатысты емес» деп санау дұрыс емес.

Сарапшының сараптамасы оқырманға ой салғаны анық. Өз еліңді сүю, ұлттық ерекшелігіңді білу, тарихыңды, мәдениет пен өнеріңіді, салт-дәстүріңіді мақтан ету ең басты міндет. Осы міндет жаппай халықтың парызына айналғанда көп қауіптен айналып өтеріміз хақ. Берекелі күнге бәріміз қызмет етейік. Сақ болайық! Сақтанайық!

                                          Еділ  АНЫҚБАЙ