Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Ауғанстанда аштыққа ұшыраған қазақтар Қазақстаннан көмек сұрады (ВИДЕО)

Тағы бір отбасы да пияз қуырып жеп отырған суреттерін жолдады.

Ауғанстанда аштыққа ұшыраған қазақтар Қазақстаннан көмек сұрады (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Пияз бен нан ғана жеп отырмыз деген Ауғанстан қазақтары өздерін тезірек бұл елден алып кетуді сұрайды. Бір күндік ақшамыз тек 4 килограмм ұнға ғана жетеді деген олар өмір сүру тым қиындап кеткенін айтып, видео жолдады. Жығылғанға жұдырық болып, азық-түлік бағасы да шарықтап кеткен деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Ауғандағы қазақтар қазір ішер астың өзін әрең тауып отырғандарын айтады. Күнде пияз бен нан ғана жеп отырмыз деген қандастар 31 арнаға фото-видео жолдаған.

Бір күн бойы жұмыс істеп, төгілген тердің құны 1 доллар ғана екен. Оған 4 килограмм ұн сатып алып, 20 адамға нан пісіреді.

Күндегі тірлігіміз осы деген Ауған қазақтары берекесі қашқан елден алып кетуін өтінеді.

Жағдай қиын болып жатыр. Жұмыс жоқ. Ақша жоқ. Біз елшілікке звондадық. Елшілік айтады, келіңдер деп елшілікке. Біздің тұрған жеріміз 2 мың километр жол. Жол ұзақ. Біз бара алмаймыз. Қазақстан үкіметі өтініш сұраймыз, бізді алып кетіңіз, Қазақстан, - дейді Ауғанстан қазағы Абдулқадір Ықыласбай.

Тағы бір отбасы да пияз қуырып жеп отырған суреттерін жолдады. Байланыс тым нашар болғандықтан ұялы телефонға түсірген жазбаларын жолдай алмады.

Бұл үйдегі еркектер қарауыл болып жұмыс істейді екен. Бір күн жұмысқа шықпай қалсақ, кішкентай балалар аш қалады. Сондықтан әр күнді әупірімдеп әрең өткізетіндерін айтады.

Ауғанстандағы қазақтар мәселесі бойынша Сыртқы істер министрлігі:

Қазір өздерінің этникалық қазақ екендерін дәлелдеген 23 отбасы, яғни, 200 адам бар. Қазақстан аумағына қандастар ретінде кіруге ниет білдіргендермен тиісті жұмыс жалғасуда. Ауғанстанның қазіргі саяси-әскери ахуалын ескере отырып, қосымша эвакуациялау рейсінің уақыты туралы нақты айтуға мүмкіндік жоқ. Жақын арада елдегі жағдай тұрақтанып, қандастар Қазақстанға емін-еркін келе алатынына сенім білдіреміз, - деп жауап берді.

Ал бізге хабарласқан қандастар ол жақтағы қазақтар 23 отбасынан да көп дейді.