Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Тәліптер адам өлтіргендер мен есірткі тасымалдағандарды түрмеден босатып жіберді

Бас сауғалап жүрген экс-прокурорлардың айтуынша, абақтыдан шыққандар олардан кек алуға тырысуы мүмкін.

Тәліптер адам өлтіргендер мен есірткі тасымалдағандарды түрмеден босатып жіберді
фото: ашық дереккөз

Ауғанстанды басып алған тәліптер* түрмеде отырған қылмыскерлерді босатып жіберді. Оларды темір торға тоғытқан прокурорлар өз өмірі үшін алаңдап, тығылып жүр деп хабарлайды Paryz.kz

Бас сауғалап жүрген экс-прокурорлардың айтуынша, абақтыдан шыққандар олардан кек алуға тырысуы мүмкін.

Азаттық радиосының Ауған қызметіне Ауғанстандағы адвокаттар түрмедегі тұтқындарды босатқан күні үш прокурор өлтірілгенін жеткізген. Темір тордан шыққандардың қатарында адам өлтіргендер мен есірткі саудасымен айналысқандар да бар.

Талибан* қозғалысы тұтқындар ешкімнен кек алмайды деп мәлімдеген. Бірақ бұрынғы шенеуніктердің өліміне тәліптер ешқандай пікір білдірмеді.

Кабулда осыған дейін прокурор болып жұмыс істеген Жәмила (аты-жөні өзгертілген) есімді әйел қазір елден кетуге әрекет жасап жатқанын айтады.

Ақпарат құралдары біздің үнімізді әлемге жеткізсе екен деймін. Халықаралық қауымдастық бізді шығарып алуға қол ұшын беруі керек, – дейді ол.

Ұлыбритания бірқатар сот және прокуратура қызметкерлерін Ауғанстаннан шығарып алған.

Талибан* – Қазақстанда тыйым салынған экстремисттік ұйым.