Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Ресейде мемлекеттік Дума сайлауы басталды

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары сайлауға жіберілмеді.

Ресейде мемлекеттік Дума сайлауы басталды
фото: baikonuradm.ru

17 қыркүйекте Ресейде мемлекеттік дума, губернаторлар, аймақтық және қалалық деңгейдегі депутаттарды сайлау басталды. Үш күнге созылатын сайлаудың негізгісі 19 қыркүйекте өтеді. Сарапшылар Кремльді сынайтындарды қудалау кампаниясынан кейін президент Владимир Путиннің "Единая Россия" партиясы сайлауда басым болады деп санайды. Бұл туралы "Азаттық радиосы" жазды. 

Мемлекеттік думаға сайлау аралас жүйе бойынша өтеді: 225 депутат – партиялық тізім бойынша, қалған 225-і бір мандаттық округ бойынша сайланады. Мемлекеттік дума сайлауына 14 партия кандидаттарын тіркеген.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары сайлауға жіберілмеді. Жақында қабылданған заңға сәйкес, "экстремистік" деп танылған ұйымға қатысы бар адамдардың сайлауға түсуіне тыйым салынған.

Бұл жолы парламент сайлауында алғаш рет электронды түрде дауыс беруге рұқсат етілді. Орталық сайлау комиссиясының шешімі бойынша, мұндай мүмкіндікті Мәскеу, Мурманск, Нижегород, Ярославль, Курск, Ростов облыстары және аннексияланған Севастополь тұрғындары пайдалана алады.

Дауыс беру қарсаңында Алексей Навальныйдың жақтастары "Ақылмен дауыс беру" жобасы аясында бірқатар рекомендациясын жариялаған. Оппозиционердің жақтастары сайлаушыларды "Единая Россия" өкілдерін жеңуге көбірек мүмкіндігі бар өзге кез келген партияның кандидаттарына дауыс беруге шақырған.

Билік бұған дейінгі сайлауларда оппозиция өкілдері мен өзіне бәсекелес кандидаттарды қудалап, дауыс беру нәтижесін бұрмалағаны үшін сынға қалған.