Қазақстандық Зарина Дияс Страсбург WTA турнирінің ширек финалына шыға алмады. ҚазАқпараттың хабарлауынша, әлемнің 76-ракеткасы З.Дияс екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 84-орында тұрған жапониялық Нао Хибиномен шеберлік байқасты.
Мұның алдында US Open турнирінің 2017 жылғы жеңімпазы, америкалық Слоан Стивенсті жарыс жолынан тайдырған жапониялық спортшы бұл жолы да бабында екендігін байқатты. Н.Хибино 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бәсеке 1 сағат 47 минутқа созылды.
Н.Хибино жартылай финалға шығу үшін әлемнің 8-ракеткасы, Нидерланды өкілі Кики Бертенс немесе рейтингте 43-орындағы латвиялық Елена Остапенконың біреуімен таласады.