Жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайлович орта салмақтағы WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлын мазақ етіп видео түсірді.
Андрей Михайлович пен Жәнібек Әлімханұлы 14 шілдеде Лас-Вегаста (АҚШ) жұдырықтасуы керек болған. Алайда Әлімханұлы салмақ қуу кезінде ағзасына су жетіспеуіне байланысты есінен танып, ауруханаға түсіп қалғандықтан жекпе-жек өтпеді.
Андрей Михайлович қазақстандық боксшыны келемеждеп видео түсірді де, Instagram желісіндегі ресми парақшасына жариялады.
Видеода Михайлович асфальтқа "Janibek" деп жазып, оның жанында билейді. Содан кейін жазудың үстіне ұнтақ сеуіп, су шашады. Видеоға Андрейден бөлек, оның жұбайы мен екі баласы да түскен.
Видеоның соңында "Бұл контентті түсірген кезде бірде-бір чемпион зардап шеккен жоқ. Тек ағзасы құрғап қалды" деген жазу пайда болды.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы мансабын орта салмақта жалғастыратынын айтып, қарсыластарына үндеу жасаған еді. Сондай-ақ Әлімханұлына Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) талап қойды.