03.07.2024, 15:54

Олимпиада алдында боксшылар үйлеріне тарап кетті – Бас бапкер Айтжанов

Фото: kfb.kz

Осы жылдың басты додасы Париж Олимпиадасының алдында боксшылар бір аптаға демалып, тынығу үшін үйлеріне тарап кетті.

Бұл туралы kazinform тілшісіне бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтты.

«Біз осыған дейін Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында жаттығу жиынын сәтті өткіздік. Жігіттеріміз нағыз бабында деп ойлаймын. Кеше ғана барлық боксшыларды бір аптаға үйлеріне таратып жібердім. Олар да Олимпиада алдында өздерінің отбасында, ата-анасының қасында демалып, тынығып алсын дедік. Бір аптадан кейін қайта жиналамыз. Олимпиадаға соңғы дайындықты Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында 9-21 шілде аралығында өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Мырзағали Құланұлы.

Сонымен қатар, Олимпиада ойындарында оңай қарсылас жоқ екенін, десе де, жүлде үшін шәкірттері аянып қалмайтынын атап өтті.

«Олимпиада ойындарына әлемнің ең үздік боксшылары барады. Ол жерге баратын боксшылар оңай шағыла қалатын жаңғақ емес. Сондықтан, әр жекпе-жек оңай болмасы анық. Десе де, біз жүлдеге таласуға, Олимпиаданың жеңіс тұғырынан көрінуге бар күшімізді саламыз. Басты мақсатымыз – кемінде бір алтын алу», - деді бас бапкер Мырзағали Айтжанов. 

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындарында ерлер құрамасынан Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5), Асланбек Шымбергенов (71), Нұрбек Оралбай (80 келі) Айбек Оралбай (92 келі) және ең ауыр салмақ дәржесі бойынша Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғайды. 

Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.