Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады.
«ҚазАқпарат»
Халықаралық ақпарат агенттігі
16:09, 28 Мамыр 2024 | GMT +6
Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады
Фото: ҚТФ
ПАРИЖ. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 85-орында тұрған бельгиялық Гретье Минненмен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы Елена 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 13 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 5 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Миннен 3 эйс, 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 50-ракеткасы, нидерландтық Аранча Рус немесе рейтингіде 232-сатыдағы германиялық Анжелика Кербердің жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Александр Шевченконың бес сеттік матчта жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.