Геннадий Головкин енді кәсіпқой рингке оралмайды. Қазақстандық боксшының бұрынғы бапкері Абель Санчес осылай айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
World Boxing News порталына берген сұхбатында Головкиннің шаршы алаңға шығуы екіталай екенін алға тартады. Бұған қоса, оған лайықты құрмет көрсетіліп, үлкен бокстан шығарып салмағанын да сынға алды. Бұл тұрғыда қазіргі командасының салғырттығын алға тартты.
Головкин әлемдік бокста өзіндік ізін қалдырған даңқты спортшы. Сондықтан тиісті деңгейде шығарып тастауымыз керек еді. Тіпті ол чемпиондық белдіктерінен бас тартқанда да, арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылмады, – дейді Абель Санчес.
Айта кетейік, Головкин алдағы сәуір айында 42 жасқа толады. Ол бүгінге дейін 45 жекпе-жек өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Ең соңғы рет 2022 жылы Канеломен жұдырықтасып, жеңіліп қалған болатын. Одан кейін барлық белдігінен бас тартты.