Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы плей-офф ойындарын сырт алаңда өткізеді

Швейцарияның Ньон қаласында УЕФА Ұлттар лигасы плей-офф сатысының жеребесі тартылды. Онда Қазақстан құрамасының жартылай финал және финалдық ойындарын қай алаңда өткізетіні белгілі болды, деп хабарлайды paryz.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы плей-офф ойындарын сырт алаңда өткізеді
Фото: @kff_team

Қазақстан құрамасы С жолымен 2024 жылдың 21 наурызында жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі. Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Төрт құраманың арасынан үздік шыққаны 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алады.

Қазірге дейін құрлықтық додаға іріктеу сатысы арқылы жолдама алған 21 құрама белгілі болды. Бұл тізімде дүбірлі доданы өткізетін Германиядан өзге Португалия, Франция, Испания, Бельгия, Англия, Венгрия, Дания, Албания, Австрия, Турция, Румыния, Шотландия, Словения, Словакия, Чехия, Нидерланд, Хорватия, Сербия, Италия, Швейцария бар.