Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Елена Рыбакина US Open үшінші айналымында жеңіліп қалды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы, 24 жастағы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды  ҚазАқпарат. 

Елена Рыбакина US Open үшінші айналымында жеңіліп қалды
Фото: inform. kz

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 30-орында тұрған 33 жастағы румыниялық Сорана Кырстямен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін 2020 жылы Дохада (Катар) және Парижде Ролан Гаррос турнирінде кездесіп, екеуінде де Е.Рыбакина басым түскен еді.

Спорттық жолдарында қос теннисші де АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымына өтіп көрмеген-ді.

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшының ойыны жүрмесе, С.Кырстяның қарқыны қатты болды – 6:3.

Тартысты өрбіген екінші партияда Е.Рыбакина Сорана доп бергенде, брейк өз алдына, екі сетболын пайдалана алмады.

Дегенмен тай-брейкте бесінші сетболында мүлт кетпеді – 7:6 (8:6).

Үшінші, шешуші сетті С.Кырстя брейкпен бастады – 2:0. Елена қайыра брейк жасағанымен, Сорана қайта алға кетті – 4:1.

Қазақстандық теннисші есепті қысқартқанымен, румыниялық спортшы тағы ұзады – 5:3. Ақыры ол матчты брейкпен түйіндеді – 6:4.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 3 эйспен шектеліп, 13 брейк-пойнттың төртеуін ғана пайдаланды. С.Кырстя 4 эйс, 6 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

С.Кырстя ширек финалға өту үшін әлемнің 13-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен таласады. Ол тартысты матчта рейтингте 44-сатыдағы қытайлық Чжу Линьді жолдан тайдырды – 7:6 (7:1), 3:6, 6:3.