Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Екінші айналымда 26 жастағы А.Бублик әлемнің 48-ракеткасы, америкалық Джеффри-Джон Вулфпен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, бәрінде 24 жастағы америкалық спортшы ұтқан еді.
Бұл жолы бірінші партияда А.Бублик 6:3 есебімен басым түсті.
Қазақстандық теннисші екінші сетте тай-брейкте есесін жібермеді – 7:6 (7:5).
Үшінші партияда Александр тіпті бет қаратпады – 6:0.
Бір сағат 45 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 10 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Осылайша, А.Бублик өз спорттық жолында үшінші рет Уимблдон жарысының 1/16 финалына өтті.
Александр Бублик төртінші айналымға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 170-орында тұрған германиялық Максимилиан Мартерер немесе әлемнің 119-ракеткасы, америкалық Майкл Ммоның біреуімен таласады.