«Манчестер Сити» Чемпиондар лигасының финалына шықты

Англияның «Манчестер Сити» клубы футболдан UEFA Чемпиондар лигасы финалына берілген екінші жолдамаға ие болды, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Манчестер Сити» Чемпиондар лигасының финалына шықты
Фото: inform. kz

Бұл күні «Манчестер Сити» (Англия) пен «Реал Мадрид» (Испания) кездесті.

Ойын барысында ағылшын клубы басымдық көрсетті. Испаниялық клуб қақпасына жиі шабуылдады. Нәтижесінде бірінші кезеңде олардың қатарынан Бернарду Силва 23, 37-минутта қос голдың авторы атанды.

Екінші кезеңде «Манчестер Сити» сапынан Мануэль Аканжи 76, Хулиан Альварес 91-минутта тағы екі гол енгізді.

Осылайша, олар қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Бірінші кездесуде 1:1 есебі тіркелген еді.

Ағылшындық клуб өз тарихында 2021 жылы тұңғыш мәрте финалға шыққан. Дегенмен, қарсыласына есе жіберіп, бас жүлдесіз қалды.

Былтыр Чемпиондар лигасы жартылай финалында «Реал Мадрид» командасы жолығып, екі ойынның нәтижесімен (3:1, 3:4) қарсыласына есе жіберіп қойған еді.