Ташкентте 1 мамыр алауы тұтанатын бокстан әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын боксшылардың тізімі жарияланды, деп хабарлайды Paryz.kz.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазір ұлттық құрама боксшылары Шымкент қаласындағы «Алма-Тау» базасында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов әлем чемпионатында төмендегі боксшылардан үміт күтіп отыр.
Олар:
48 келі - Санжар Тәшкенбай
51 келі - Сәкен Бибосынов
54 келі - Махмұд Сабырхан
57 келі - Серік Теміржанов
60 келі - Талғат Сырымбетов
63,5 келі - Санатәлі Төлтаев
67 келі - Дулат Бекбауов
71 келі - Асланбек Шымбергенов
75 келі - Нұрқанат Райыс
80 келі - Нұрбек Оралбай
86 келі - Сағындық Тоғамбай
92 келі - Айбек Оралбай
+ 92 келі - Қамшыбек Қонқабаев
«Әлем чемпионатына баратын үміткерлерді біз ұзақ уақыт әрі тиянақты іріктедік. Жыл басынан бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткіздік, жігіттерді түрлі жарыстарға апардық. Әр боксшыға қатысты сараптама жасадық. Ссондықтан әрқайсысының шамасын білеміз. Әлем чемпионатына бірінші рет қатысатын 3 былғары қолғап шеберіміз бар. Олар жас болса да, тәжірибесі толысқан, бокс әлемінде алар орны бар. Халықаралық аренада намысты қолдан бермейді деген сенімдемін», - деді Мырзағали Айтжанов.
«Бапкерлік құрам боксшыларды әлем чемпионатына жақсылап дайындап апара жатыр. Дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Кеңес Рақышев басқаратын Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалды. Боксшылар мен бапкерлер олардың өнерін бүкіл Қазақстан тамашалайтынын біледі. Сондықтан жауапкершілікті түсінеді. Құрамамызға сәттілік тілейміз», - деп атап өтті Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков.
Естеріңізге сала кетсек, Белградта өткен соңғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 5 медаль (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) иеленген болатын. Сербия астанасындағы жаһан біріншілігінің 3 бірдей финалисі (әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, күміс жүлдегерлер – Махмұд Сабырхан мен Серік Темиржанов) Ташкент шаршы алаңында өнер көрсетеді.
«Ташкенттегі әлем чемпионатына тиянақты дайындалуға мүмкіндік болғаны үшін алғыс айтамын. Бір жұдырық болып жұмылып жұмыс істесек, алынбайтын қамал жоқ. Құрамадағы жігіттер бір-бірін әрқашан қолдап жүреді. Ал мен әлем чемпионы деген атағымды қорғап қалуға барымды саламын. Мақсатым – екі дүркін әлем чемпионы атану», - деді Сәкен Бибосынов.
Әлем чемпионатының басталуына тура бір апта қалды. Жарыс 1-14 мамыр аралығында өтеді.
Ұйымдатырушылар біріншілікке 104 елден 600-ден аса былғары қолғап шебері қатысады деп отыр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталады.
Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алтын медаль иегеріне 200 мың АҚШ долларын, екінші орын алған боксшыға 100 мың және екі қола жүлдегердің әрқайсысына 50 мың АҚШ долларынан береді. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн АҚШ долларын құрайды.
Боксшылар додасының тікелей трансляциялары «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының эфирінен көрсетіледі.