Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Бибісара Асаубаева гроссмейстер Сергей Карякинді жеңді

Мәскеуде өтіп жатқан «Шахмат жұлдыздары» атты халықаралық турнирде сенсация болды. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева рапидте жарыстың басты фавориті саналып отырған Сергей Карякинді жеңді, деп хабарлайды Paryz.kz

Бибісара Асаубаева гроссмейстер Сергей Карякинді жеңді
Фото: ашық дереккөз

Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, ресейлік шахматшы әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірі. Қазіргі уақытта оның 2 739 ұпайы бар.

Турнир комментаторларының айтуынша, Бибісараның блицте әлем чемпионы болғаны бекер емес. Ол ойынның басынан-аяғына дейін сабыр сақтап, әр жүрісін бағамдап, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» Сергей Карякиннің қорғанысын бұзып, жеңіске жетті.

Екі мықтының ойыны турнирдің сәнін келтірді. Бибісара бұған дейін сұхбаттарында осы турнирде Сергей Карякин мен Теймур Раджабовпен ойнағысы келетінін айтқан еді. Енді міне, ол сол мақсатын 100 пайыздан артығымен орындап шықты.

Ресейлік гроссмейстер Асаубаевадан жеңілгеніне еш ұялмайтынын айтты.

Мен өте жақсы ойнайтын әлем чемпионынан ұтылдым, –  деді Карякин ойыннан кейін.

Бұл жарыстың жүлде қоры – 15 млн рубль. Қазір мұнда әлемдегі ең мықты шахматшылар ойнап жатыр. Олардың қатарында Бибісара Асаубаева, Сергей Карякин, Александр Грищук, Теймур Раджабов, Раунаку Садвани, Франсиско Вальехо, Владислав Артемьев, Екатерина Лагно және басқа да ала тақтаның шеберлері бар.

Бір қызығы, Асаубаева турнирге қатысатынын басталардан екі күн бұрын білген. Бибісара әлем чемпионы Владимир Крамниктің орнында ойнап жатыр екен.

Рапид бәсекесі 24-26 қаңтарда болды. Енді блиц жарысы 28, 30 қаңтарда болады.