Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының ширек финалының алғашқы ойынында Бразилия мен Хорватия жартылай финалға шығу үшін өзара бақ сынады. Бес дүркін әлем чемпионы әрі өткен мундиалдың күміс жүлдегерін пенальтимен еуропалықтар жеңіп кетті, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
"Эдьюкейшн Сити" стадионы толы жанкүйерлер 90 минут бойында бір голдың куәсі бола алмай, қаймана болды. Екінші таймда бірнеше рет ерекше мүмкіндіктер туды, бразилиялықтардың басты жұлдызы Неймар оны ұтымды пайдалана алмады. Бұл ретте хорват қақпашысы Доминик Ливакович қорғаныста мықты екенін танытты.
Нәтижесінде негізгі уақыт нөл де нөл есебімен тең аяқталды және ойын төрешісі ағылшын Майкл Оливер 15 минуттан екі экстратайм тағайындауға мәжбүр болды.
Бразилия құрамасының бас жұлдызы Неймардың ойынға салған күш-жігері ақырында өз нәтижесін берді. Ойынның 105-ші минутында ол шабуылды бастап, допты қақпаға жеткізіп, өз ойын өрнегін түйіндеді. Осы голдан кейін оңтүстік америкалықтар қорғанысқа "жатып" алды, олар 13 минуттан соң осы үшін оңбай опық жеді. Оңайшылықпен берісе қоймайтын хорваттар ақыры дегеніне жетті. Бруно Петковичтің арқасында есеп теңестірілді - 1: 1 және командалар пенальтиге кезек алды.
Пенальти кезеңінде Хорватия футболшыларының бағы жанды, осылайша олар мундиалдың алғашқы жартылай финалистері атанды. Ойынның нәтижесі - 4: 2.
Хорватия құрамасының жартылай финалдағы қарсыласы Аргентина мен Голландия ойыны аяқталғаннан кейін белгілі болады.