Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Санжар Тәшкенбай финалға шықты, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандықтардан бірінші болып рингке жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай шықты.
Санжар 48 келіге дейінгі салмақта үндістандық Говинд Кумар Саханимен жұдырықтасты.
Тартысты өткен жекпе-жекте бірінші раундта бес төрешінің үшеуі Санжар басым деп тапса, екінші кезеңде қазақстандық боксшы таразы басын түгелдей өзіне аударды. Оның үстіне үндістандық спортшы ескерту алып, бір ұпайы шегерілді. Қорытынды есеп – 4:0, Санжардың пайдасында.
Санжар Тәшкенбай соңғы бәсекеде жапониялық боксшымен алтын жүлде үшін таласады.
Бүгін жартылай финалда тағы 11 қазақстандық боксшы ел намысын қорғайды.